«Барселона» «Реалды» ойсырата жеңді (видео)

Нұржамал Үсенова Корреспондент
«Барселона» «Реалды» ойсырата  жеңді (видео)
Фото ©️ vk.com

Каталондық «Барселона» Мадридте «Реалды» ірі есеппен ұтты. «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен кездесуде 4:0 есебі тіркелді.

БӨЛІСУ

«Корольдік клуб» басты қарсыластарына қарсы қауқар таныта алмады. 11 минутта Луис Суарес есеп ашып, блаугрананы алға шығарды. Бірінші таймда барын салған «Барселона» алаң иелеріне толықтай басымдық танытумен болды. 39 минутта Андреас Иньестаның пасынан кейін Неймар «Реал» қақпасына екінші голды соқты. Ал Рафаэль Бенитес шәкірттері болса бірінші таймда бір рет қана қонақтар қақпасына соққы жасап, маусымдағы ең төменгі нәтижесін көрсетті.

Екінші таймда «Реал» қарсыластарын қыспаққа алуға тырысқанымен, ойын жүйелерінен нәтиже шықпады. Керісінше каталондық клуб шабуылын үдете түсті. 53 минутта Неймар Андреас Иньестаға нәтижелі пас беріп, есепті 3:0-ге жеткізді. Ал 74 минутта Луис Суарес дубль авторы атанды.

Испания чемпионатының ХІІ тур ойындарынан кейін каталондық «Барселона» 30 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Ал «Реал» болса 24 ұпаймен екінші орында келеді.