Қазақстандық кәсіпқой боксшы кезекті жекпе-жегін нокаутпен жеңді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы кезекті жекпе-жегін нокаутпен жеңді
Фото: vk.com

Кәсіпқой бокста еліміздің атынан шаршы алаңға шығып жүрген боксшы Бахтияр Эюбов спорттық мансабындағы тоғызыншы жеңісін тойлады. Отандасымыз Нью-Йоркте (АҚШ) жергілікті боксшы Антонио Чавес Фернандесті ұтты.

Бахтияр Эюбов қарсыласын бірінші раундтың екінші минутында-ақ жеңді. Шаршы алаң иесі қазақстандық боксшы айтарлықтай қарсылық таныта алған жоқ. 36 жастағы америкалық тәжірбиелі боксшы да - гонк дауысы естілісімен шапшаң қимылдап, бірден соққының астына алатын қазақстандық боксшының жойқын соққыларына тойтарыс бере алмады.

Бахтияр Эюбовтың жұдырықтасу мәнері өзгеше. Ол қарсыласын бірінші раундта-ақ ұрып құлатудың жолын іздейді. Осыған дейін отандасымыз спорттық мансабында бір қарсыласын (Жозе Брюйер, 2012 жыл) 9 секундта жеңген. Оның жұдырықтасу мәнерін 1990 жылдары кәсіпқой бокс шаршы алаңында жасындай жарқылдаған америкалық боксшы Джеральд Макклелланға да ұқсатуға болады. Ол да қарсыласын бірінші раундта-ақ жеңіп шығуды басты мақсат тұтатын боксшылардың бірі болатын.

Айта кетейік, Бахтияр Эюбовтың есімі қазақстандық көп жанкүйерлер үшін аса таныс емес. Ақтөбе қаласында дүниеге келген боксшы осыған дейін Әзірбайжан елінің атынан әлемдік аренада бақ сынайды деген де ақпараттар тараған еді. Кейіннен қос тарап өзара келісімшарт ымырасына келе алмаған. Бүгінде Бахтияр кәсіпқой бокста Қазақстанның туының астында өнер көрсетіп келеді. Биыл америкалық “Salita promoution” промоутерлік клубы қазақстандық боксшымен келісімшартқа қол қойды. Нәтижесінде боксшы алдағы уақытта ірі жетістіктерді бағындыруды жоспарлап отыр.  

Ө. Сансызбай