Денис Тен «Scate America» турнирінде тоғызыншы орынды иеленді (видео)

Денис Тен «Scate America» турнирінде тоғызыншы орынды иеленді (видео)
Фото: dixinews.kz

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен АҚШ-тың Милуоки қаласында өткен «Scate America» халықаралық турнирінде тоғызыншы орын алды.

Денис Тен қысқа бағдарлама бойынша алтыншы орынға тұрақтаған болатын. Еркін бағдарлама бойынша отандасымыз он бірінші нәтиже көрсетті. Нәтижесінде қос бағдарлама бойынша 201,52 ұпай жинаған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы тоғызыншы орынды қанағат тұтты.

Гран-При санатындағы додалардың шымылдығын түрген «Scate America» халықаралық турнирінде америкалық Макс Аарон жеңімпаз атанды. Ол қос бағдарлама қорытындысы бойынша 258,95 ұпай жинады. Күміс медаль жапон Шома Уноға (257,43 ұпай) бұйырса, үшінші орынды екінші бір америкалық мәнерлеп сырғанаушы Джейсон Браун (238,47 ұпай) жеңіп алды.

Айта кетейік, Денис Тен күзде екі Гран-При турниріне қатысатыны туралы осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Отандасымыз бақ сынайтын Бордодағы (Франция) «Trophée Bompard» Гран-При турнирі қарашаның 13-15 аралығында өтеді. 

Ө. Сансызбай