Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін жеңіспен аяқтады

Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін жеңіспен аяқтады
Фото: vk.com

Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы Латвияны ұтты. Ригада өткен ойында отандастарымызға жеңіс сыйлаған голды Исламбек Қуат соқты.

Латвияға қарсы ойында Юрий Красножан шәкірттері жүйелі ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарынан қауқарлы екенін байқата білді. Кей тұстарда қорғаушылар қателікке бой алдырғанмен, алаң иелері өз мүмкіндіктерін пайдалана алған жоқ. Есесіне өз ойындарына серпін қосқан Қазақстан құрамасы көп күттірген жеңісіне жетті. 65 минутта қорғаушылар арасынан сытылып шыққан Исламбек Қуат ойындағы жеңіс голын соқты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы топта 5 ұпаймен 5-орын алды. Латвия ұрамасы 6-орынға сырғыды.

Қазақстан құрамасының жеңісінен кейін Түркия құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алды. Түріктер шешуші ойында Исландия құрамасын ұтты.

Айта кетейік, 10 қазан күні Қазақстан құрамасы Астанада Нидерланд құрамасымен кездесіп, 2:1 есебімен ұтылып қалған болатын. Ол ойында да Исламбек Қуат гол соққан еді. 

Латвия – Қазақстан 0:1 (0:0)

Гол: Куат 65

Латвия: Ванин, Максименко, Дубра, Габов, Горкшс (к), Лайзанс, А.Вишняков (Карашаскс 57), Цауня (Э.Вишняков 73), Зюзин (Икауниекс 83), Шабала, Ракель. 

Қазақстан: Покатилов, Энгель, Малый, Логвиненко, Шомко, Қуат, Смақов(к), Сүйімбаев, Досмағамбетов (Қонысбаев 68), Нөсербаев (Гурман 82), Хижниченко (Щеткин 90). 

Ескертулер: Карашаскс 73 – Куат 84

Төрешілер: С.Маклин (Шотландия), Г.Стюарт (Шотландия), Д.Макгичи (Шотландия)

14 қазан. Латвия. Рига. «Сконто». 7027 жанкүйер. 

Ө. Сансызбай