2017 жылғы қысқы Универсиаданың кері санау тақтасы орнатылды

2017 жылғы қысқы Универсиаданың кері санау тақтасы орнатылды
Фото: massaget.kz

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінің маңына 2017 жылғы қысқы Универсиаданың кері есептеу тақтасы орнатылды. Тақта спорт додасына неше күн қалғанын көрсетіп тұрады.

«Спорттық жобалар дирекциясы» қорынан хабарлағандай, кері санау тақтасы қала ландшафтын көркейтіп, спорттық шараның жақындағанын көрсетеді. Тақтаның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова, «Алматы қаласы халықаралық спорт жобалары дирекциясы» мемлекеттік қорының директоры Илья Оразақов, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қатысты.

Мерекелік шара барысында концерттік бағдарламалар мен флешмобтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Универсиадаға атсалысушы еріктілер (волонтер) қолдау білдіріп, кеш көрігін қыздырды. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова Универсиада нысандарының құрылыс жұмыстары мен еріктілер туралы айта кетті.

- Универсиаданың құрылыс жұмыстарының 80%-дан астамы аяқталып үлгерді. Дайындық жұмыстары жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Бүгін кері санау тақтасы орнатылып, доданың аурасы сезіле бастады. Одан өзге еріктілердің жұмысын да айта кеткен жөн. Олар әзірден жұмысқа қызу кірісіп кетті. Еріктілерге жасы үлкен кісілер де қабылдануда. Өзге облыстардан келгендер де еріктілер қатарына қосыла алады. Барлық еріктілерді дайындықтан өткізетін боламыз, - деді.

Айта кетейік, Алматыдағы ХХVIII қысқы Универсиада 2017 жылы өтеді. 13 спорт түрі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынатын болады. 

Ө. Сансызбай