«Қайрат» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өте алмады (видео)

«Қайрат» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өте алмады (видео)
Фото: massaget.kz

Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясындағы «Қайрат» пен «Бордо» кездесуі аяқталды. Алматыда соққан голдың басымдығымен француз клубы топтық кезеңге өтті. 

Владимир Вайсс шәкірттері 2:1 есебімен жеңіске жеткенмен, топтық кезеңге өте алмады. Өз алаңында соқтырып алған голдың "салмағы" ауыр болды. Бірінші минуттағы қонақтардың қателігі «Қайрат» командасын алға шығарды. Ямберенің ыңғайсыз қайтарған добы өз қақпаларының торында тулады. Бір гол соғылғаннан кейін алматылық клуб футболшылары ойынына арын қосып, алға ұмтылды. Бірінші таймның орта тұсынан кейін барып қана «Бордо» ес жия бастады. 

Екінші таймды қонақтар ширақ бастады. «Қайрат» қорғанысы сыр берген жоқ. 66 минутта Исламбек Қуат гол соғып, жанкүйерлерді қуантты. Екі доп басымдығымен алға озған «Қайрат» топтық кезеңге өту мүмкіндігін сақтап қала алмады. 77 минутта алматылық клуб ойыншыларының қателігі қонақтарға қол болды. Кривелли есепті қысқартып кетті. Кездесу соңына қарай «Бордо» ойыншылары барынша уақытты ұтуға тырысып, ұстанған жүйелерінен нәтиже шығара білді. Қос ойын қорытындысы бойынша 2:2 есебі тіркелгенмен, сырт алаңда соққан голдың арқасында француз клубы топтық кезеңге өтті. 

«Қайрат» қауқарлы клуб екенін Еуропада дәлелдей білді. Өз алаңындағы барлық кездесулерінде жеңіске жетті. Тек «Бордомен» өткен ойында ғана аздап сәттілік жетіспеді. Әйтпесе, Владимир Вайсс пен оның командасы мақтауға лайықты ойынымен танылды. 

Кездесу статистикасы:

Допқа иелік ету: 47% — 53%

Қақпаға соққылар: 5 — 8

Қақпаға дәл соққылар: 2 — 1

Ереже бұзу: 9 — 15

Офсайдтар: 6 — 0

Бұрыштама добы: 2 — 2 

Сары қағаз: 1 — 3. 

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) — «Бордо» (Бордо, Франция) 2:1 (1:0)
Бірінші ойын: 0:1
Голдар: Ямбере автогол 1 (1:0), Куат 66 (2:0), Кривелли 76 (2:1)
Ескертулер: Тимощук 38 — Траоре 21, Хазри 39, Кривелли 85
«Қайрат»: Плотников, Бруно Соарес, Маркович, Қуантаев (Кукеев 87), Қуат, Бакаев, Исламхан (Деспотович 83), Исаэл, Тимощук, Гоу, Риера
«Бордо»: Прьор, Паллуа, Ямбере, Жильбер, Пундже, Траоре (Морис-Беле 69), Поко, Хазри, Ролан (Кривелли 69), Севе, Кизе-Телин
Бас қазы: Бас Нейхейс (Нидерланд)
27 тамыз. Алматы. Орталық стадион.
Ө. Сансызбай