Елдос Жұмақанов әлем чемпионатында бесінші орынды місе тұтты

Елдос Жұмақанов әлем чемпионатында бесінші орынды місе тұтты
Фото: fdk.kz

Дзюдодан Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына жүлде түспеді. Ерлер арасында 66 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға шыққан Елдос Жұмақановтың жолы болмады.

Елдос Жұмақанов әлем чемпионатын сәтті бастаған еді. Бірінші айналымда кипрлік Крассиас Андреасты иппонмен жеңсе, екінші айналымда тунистік Хоусем Халфауиді да 11 секундта иппонмен тізе бүктірді. Үшінші айналымда ұлыбританиялық Котес Колиннен басым түсті. Ал жартылай финал үшін өткен татамидегі текетіресте моңғол балуаны Тумурхулэг Давадоржийнді жеңді. Кешкі белдесулерде қазақстандық спортшының жолы болмады. Финал үшін өткен белдесуде ресейлік Михаил Пуляевқа ұтылса, қола үшін өткен кездесуде өзбек Ришод Сабировқа есе жіберді. Нәтижесінде бесінші орынды қанағат тұтты.

Бүгін жарыс жолына 4 спортшымыз шыққан болатын. Елдостан бөлек ұлттық құрама капитаны Азамат Мұқанов бірінші кезеңде ережесіз күрескені үшін жарыстан шеттетілсе, қыздар арасында Олеся Куценко мен Лунара Мингазова да жүлделі орыннан көріне алмады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын 1 күміс жүлде бар. Ал жалпыкомандалық есепте бүгін жапондар отандастарымызды екінші орынға ығыстырды.

Ө. Сансызбай