Виктория Зябкина әлем чемпионатының финалдық кезеңінде бақ сынайды

О Сансызбай Корреспондент
Виктория Зябкина әлем чемпионатының финалдық кезеңінде бақ сынайды
Фото ©️ rus.azattyq.mobi

Қазақстандық жеңіл атлет Виктория Зябкина Бейжіңде өтіп жатқан әлем чемпионатында 100 метрге жүгіруден финалдық кезеңге өтті. Отандасымыз іріктеу кезеңіндегі сында үшінші болып келді.

БӨЛІСУ

Виктория Зябкина өз тобында үшінші болып финалдық кезеңге жолдама алды. Қазақстандық спортшы 100 метр қашықтықты 11,24 секундта жүгіріп өтті. Ал бірінші болып келген нигериялық  Блессинг Окагбаре бұл қашықтықты 11,07 секундта бағындырды. Екінші болып ямайкалық Наташа Моррисон (11,08 сек) келді.

Іріктеу кезеңінің екінші бір тобында қазақстандық Ольга Сафронова да жарыс жолына шыққан болатын. Мәре сызығын бесінші болып кескен (11,49 сек) отандасымыз финалдық кезеңге өте алмады.

100 метрге жүгіруден әйелдер арасындағы финалдық кезең 24 тамыз күні өтеді. 

Айта кетейік, осыған дейін үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова да финалдық кезеңге жолдама алған болатын.