Дәурен Елеусінов кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне жетті

Дәурен Елеусінов кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне жетті
Фото: instagram.com

2014 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан отандасымыз Дәурен Елеусінов кезекті кездесуін өткізді. Нью-Йорк қаласындағы "BB King Blues Club & Grill" (Манхэттен) спорт кешенінде өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы америкалық Генри Бекфордты ұтты.

Алты раундқа созылған жекпе-жектің жеңімпазы төрешілер ұпайымен анықталды. Қарсыласынан ширақ, әрі жылдам, жойқын соққыларымен ерекшеленген отандасымыз жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. Дәуреннің қарсыласы атанған Генри Бэкфорд осы уақытқа дейін кәсіпқой бокс шаршы алаңында 4 кездесу өткізіп, оның 2 кездесуінде жеңіске жетсе, 2 кездесуінде жеңіліп қалған. Ал Дәурен Елеусінов осыған дейінгі кәсіпқой бокстағы 2 кездесуін де мезгілінен бұрын аяқтаған. Соңғы рет АҚШ-тың Пенсильвания штатына қарайтын Воллей Фордж қаласында америкалық Эдди Тигсті ұтқан болатын.

Айта кетейік, Дәурен Елеусінов бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусіновтың ағасы. Әуесқой бокста 2001 жылы ел біріншілігінде алғаш рет шаршы алаңға көтерілген. Қазіргі таңда қазақстандық былғары қолғап шеберінің еншісінде халықаралық және құрлықтық жарыстардан иеленген бірнеше атақтары бар. Сондай-ақ, 2005 жылы Қазақстан чемпионы атанса, 2009 жылы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.

Ө. Сансызбай