«Astana Arlans» - WSB жобасының екі дүркін чемпионы!

О Сансызбай Корреспондент
«Astana Arlans» - WSB жобасының екі дүркін чемпионы!
Фото ©️ astanaarlans (vk парақшасы)

Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) V маусымында «Astana Arlans» чемпион атанды. Отандастарымыз Астанадағы финалдық кездесуде Кубаның «Cuba Domeodores» клубын  6:4 есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

Екі күнге созылған финалдық кездесудегі жекпе-жектер нағыз тартысқа толы болды. Бірінші күнгі бес кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық клуб қарсыластарынан 3:2 есебімен басым түсті. Тарқатып айтар болсақ, 49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов қарсыласы Йоанис Оскар Аргилагосты 3:0 есебімен (50:45, 50:45, 50:45) ұтса, 52 келіге дейінгі салмақта Қайрат Ералиев Робейси Рамиреске 0:3 (47:48, 47:48, 47:48) нәтижесімен есе жіберіп алды. «Astana Arlans» капитаны Самат Башенов Ясниер Толедо Лопесті (48:47, 48:47, 48:47) тізе бүктірсе, 75 келіге дейінгі салмақта Мейірім Нұрсұлтанов Арлен Лопеса Кардонаны (48:47, 48:47, 48:47) сабасына түсірді. Соңғы жекпе-жекте Василий Левит төрешілер шешімімен қарсыласы Эрисланди Савонға 1:2 (47:48, 47:48, 49:46) есебімен ұтылды. Десе де бұл кездесуде қазақстандық боксшы қарсыласынан ширақ қимылдаған болатын.

Финалдың екінші күнгі кездесулерін 52 келіге дейінгі салмақтағы Олжас Сәттібаев пен Йосвани Вейтиа Сото бастады. Ширақ шабуылдары мен жойқын соққыларын сәтті қолдана білген отандасымыз қарсыласын ұта білді. Осыған дейін жеті кездесу өткізіп, жеңілмеген кубалық боксшы Астанада Олжастан жеңілді.

60 келіге дейінгі салмақта Закир Сафиуллин Ласаро Хорхе Альварес Эстрадамен ұпайға таласты. Қазақстандық боксшы екі рет әлем чемпионаты мен Олимпиаданың қола жүлдесін еншілеген қарсыласына есе жібере қойған жоқ. Бірақ төрешілер шешімімен кубалық боксшы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде «Cuba Domeodores» есепті қысқарта білді.

69 келіге дейінгі салмақта қазақ боксшыларының үстемдік құратынын Асланбек Шымбергенов тағы бір дәлелдей білді. Ол әлем және Олимпиада чемпионы Роньель Иглесиас Сотолонгоны жеңді. Намысты қолдан бермеген «Astana Arlans» боксшысы нағыз табандылық танытты. Бірінші, екінші раундтарда төрешілер шешімімен жеңіліп тұрғанмен, кейіннен жеңісті қолына ала білді. WSB жобасында аса көп кездесу өткізбесе де Асланбек қазақстандық жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ.

81 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Жарманов Хулио Сесар ла Крусқа есе жіберіп алды. Төрешілер шешімімен кубалық боксшы айқын жеңімпаз ретінде танылды. Десе де «Astana Arlans» боксшысы қарсыласын бесінші раундта бір рет жер жастандырды да. Хулио Сесар ла Крусқа лайықты қарсылас бола білді. Бірақ, төрт раунд қорытындысы бойынша қарсыласы басым түсті.

«Astana Arlans» пен «Cuba Domeodores» арасындағы шешуші шайқас 91 келіден жоғары салмақта Иван Дычко мен Йоханди Тойрак Ортега арасында өтті. Бойы мен қолының ұзындығын сәтті пайдалана білген отандасымыз қарсыласынан басым түсе білді. Нәтижесінде қазақстандық клубқа жеңіс сыйлады.

«Astana Arlans» Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) екінші рет топ жарып отыр. Алғаш рет 2012/2013 жылғы маусымда отандастарымыз Астанада «Ukraine Otamans» клубын жеңіп, чемпион атанған болатын. Қазіргі таңда қазақстандық «Astana Arlans» - WSB жобасында екі дүркін чемпион атанған алғашқы клуб.

Отандастарымыздың жеңісімен құттықтаймыз!