«Қайрат» чемпиондық атағын Бразилияда қорғайды

«Қайрат» чемпиондық атағын Бразилияда қорғайды
Фото: kairat-futsal.kz

Шағын футболдан (футзал) Алматының «Қайраты» клубтар арасындағы әлем чемпионатында өз атақтарын қорғайды. Бұл жарыс биылғы жылдың 2-6 қыркүйек аралығында Бразилияның Эрешин қаласында өтеді.

2014 жылғы әлем чемпионаты Алматы қаласында өткен болатын. Тартысқа толы өткен додада отандастарымыз Тайландтың «Чонбури» мен Ресейдің «Динамосын» жеңіп, бас жүлдені олжалаған-ды. Биыл «Қайрат» әлем чемпионы атағын сақтап қалу үшін алыстағы Оңтүстік Америка құрлығына жол тартады. Биылғы додаға қазақстандық клубтан өзге «Clube Esportivo e Recreativo Atlântico» (Бразилия), «Nagoya Oceans (Жапония), «Misr Lelmakkasa Club» (Египет), «Futsal Club Toronto» (Канада) және «Al Dhafra Sport and Culture Club» (БАӘ) футзал ұжымдары қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Қайрат» УЕФА кубогын олжалаған болатын. Португалияның Лиссабон қаласында өткен жарыста алматылықтар жартылай финалда Ресейдің «Динасын» ұтса, финалда Испанияның «Барселонасынан» басым түскен еді. Клубтың ендігі мақсаты – клубтар арасындағы әлем чемпионатында өз атағын абыроймен қорғау. 

Ө. Сансызбай