Ел кубогының жартылай финалына шыққан клубтар анықталды (видео)

Ел кубогының жартылай финалына шыққан клубтар анықталды (видео)
Фото: sports.kz, vk.com

Футболдан ел кубогының жартылай финалына шыққан клубтар белгілі болды. Ширек финалдағы ойындар ережеге сәйкес, бір кездесу қорытындысы бойынша жеңімпазды анықтады.

«Қайрат» - «Тараз» 4:1

Алматыда «Қайрат» «Таразды» ойсырата жеңді. Ойындағы есеп 15 минутта ашылды. Жерар Гоу өз мүмкіндігін сәтті пайдаланса, араға 15 минут сала Бауыржан Исламхан екінші голдың авторы атанды. Екінші таймда Жерар Гоу тағы бір рет үздік сұрмерген екенін дәлелдей түссе, қонақтар сапынан Альмир Мухитдинов пенальтиден есепті қысқартты. Ал ойындағы соңғы нәтиже 86 минутта тіркелді. Бұл жолы алматылық клубтың көптен бері көзге түспей жүрген ойыншысы Жамбыл Көкеев гол соқты. Нәтижесінде 4:1 есебімен жеңіске жеткен «Қайрат» ҚР кубогының жартылай финалына шықты.

«Қайсар» - «Астана» 1:2

Өткен маусымда ел чемпионы атанған «Астана» түзде Қызылорданың «Қайсар» клубын қосымша уақытта жеңіп кетті. Бірінші болып Эдин Юнузович алаң иелерін алға шығарғанмен, екінші таймда Патрик Твумаси таразы басын теңестірді. Кездесудің 84 минутында «Қайсар» ойыншысы Владислав Нехтий пенальтиді сәтті орындай алмады. Нәтижесінде қосымша уақытта Патрик Твумаси дубль авторы атанып, командасын жартылай финалға алып шықты.

«Оқжетпес» - «Ақтөбе» 2:3

Владимир Газзеав жаттықтыратын «Ақтөбе» жеңісті жолын жалғады. Көкшетауда өткен ойында нәтижелі 3:2 есебі тіркелді. Қонақтар үш голды да бірінші таймда соқты. Гол авторлары – Маркос Пизелли, Артурас Жулпа және Данило Неко. Ал алаң иелері қатарынан бірінші таймда Лука Ротковия пенальтиді сәтті орындаса, ойын аяқталуға аз уақыт қалғанда Егор Азовский есепті қысқартты. Бірақ бірінші таймдағы үш гол нәтижесі бойынша «Ақтөбе» жартылай финалға өтті.

«Тобыл» - «Жетісу» 2:0

Өткен турда да «Жетісуді» жеңген «Тобыл» кубок жолында да сүрінген жоқ. Алаң иелері сапынан талдықорғандық клуб қақпасына Томаш Шимкевич пен Артем Дели доп тоғытты.

Ел кубогының жартылай финалдық жеребесі ертең Астана уақытымен сағат 15:00-де тартылады.    

Ө. Сансызбай