Непал ауыр атлетикадан Азия чемпионатын өткізуден бас тартты

Непал ауыр атлетикадан Азия чемпионатын өткізуден бас тартты
Фото: unifight.info

Ауыр атлетикадан 2015 жылғы Азия чемпионаты Непалда өтуі тиіс болатын. Бірақ ірі зілзаладан зардап шеккен ел бұл доданы өткізуден бас тартып отыр.

Непал ауыр атлетика федерациясы 25 сәуір мен 12 мамырда болған елдегі ірі жер сілкіністерінен кейін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болып отыр. Себебі елде 4 000-нан астам ғимараттар мен тұрғын үйлер қирандыға айналған. 8 000-нан астам адам көз жұмса, 20 000-нан астам халық жараланған. Ел басшылығы жарыс өткізбек түгіл, қара халықты құтқаруға қаржыны әрең жеткізіп отыр. Өзге елдер де Непалға көмек қолдарын созуда.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Непалдағы ауыр жағдайды ескеріп, Азия чемпионатын өзге елде өткізу туралы мәселені қарауда. Жақын күндері белгілі болатын шешім бойынша, «сары құрлықтың» басты бәсекесін Таиланд және Малайзия елдерінің бірі өткізуі мүмкін. Негізінен Азия чемпионаты шілде айының соңында өтуі тиіс болатын.

Айта кетейік, биылғы Азия чемпионатында 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялық ұпайлар таратылады. Қазақстан құрамасы да белді спортшыларын апаруды жоспарлап отыр. Додаға баратын спортшылар 26-28 мамыр аралығында Қарағандыда өтетін Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған турнирде іріктелетін болады. Жарысқа Жасұлан Қыдырбаев, Владимир Седов, Вячеслав Ершов, Ибрагим Берсанов, Рустем Сыбай, Ербол Мейірманов, Арли Чонтей, Ермек Өміртай, Маргарита Елисеева, Карина Горичева, Анна Нұрмұхамбетова, Гүлназ Наурызова және т.б. ұлттық құрама спортшылары қатысады деп күтілуде. Ал Илья Ильин мен Майя Манеза құрметті қонақ ретінде шақырту алған.

 

Ө. Сансызбай