Елімізде бодибилдинг пен фитнестен чемпионат өтті

Елімізде бодибилдинг пен фитнестен чемпионат өтті
Фото: Фариза Абилова

16 мамыр күні Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында бодибилдинг пен фитнестен Қазақстан және Орта Азия чемпионаттары өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Чемпионат бодибилдинг пен фитнесті халыққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Шараға 120 спортшы қатысты. Қыздар өз арасында, ерлер өз арасында жарысып, нағыз спортшыға тән жігерлілік танытып, мақсаттарына жету үшін бақ сынады.

Алдымен қатысушылар арнайы іріктеу кезеңінен өтіп, чемпионатқа қатысуға жолдама алды. Әр категорияда бірнеше қатысушы өнер көрсетті. Олардың ішінде еліміздің үздік атлеттері, Өзбекстан, Қырғызстан мен жақын шет елдердің спортшылары да бар. 

Чемпионат 7 категория бойынша өтті:

Бодибилдинг (ерлер) - 65 кг, 70 кг, 80 кг, 85 кг, 90 кг, 100 кг және 100 кг-нан жоғары;

Бодибилдинг (юниорлар) - 70 кг, 70 кг-нан жоғары;

Атлетик-физик (ерлер) - 175 см-ге дейін + 4 кг;

Атлетик-физик (ерлер) - 175 см-ден жоғары + 6 кг;

Атлетик-физик (әйелдер) - ашық категория;

Модель-физик (әйелдер) - 160 см, 165 см, 165 см-ден жоғары;

Спорт-физик (жағажай нұсқасында, ерлер) - ашық категория.

Өз категориясы бойынша чемпион атанған Нұрбекова Ұлпан: "Мені спортпен айналысуға шабыттандырған - күйеуім. Алғаш рет мені жаттығу залына алып келіп, осы "әлемге" кіргізді. Мен бірден өзіме жаңа мақсат қойып, бодибилдингпен айналысуды ұйғардым. Мені жаттықтырып, маған демеу көрсеткен - Қайрат Сыздықов атты жаттықтырушым. Ол маған арнайы бағдарлама, тамақтану режимін тағайындады. Менің 3 жасар қызым бар, ол мені қайталаймын деп бодибилдингтің жүріс-тұрысын салады. Балаларға дұрыс тәрбие беру үшін өзің жақсы үлгі болуың керек. Сол себепті қызыма дұрыс тамақтануды қазірден бастап үйретіп келемін. Ал алға қойған мақсаттарым осы спорт түрімен байланысты, біз енді Азия чемпионатына шығуды жоспарлап отырмыз. Бұл спорт түрін эстетика деп айтуға болады. Себебі сен өз дененің мүмкіндігін көріп, өзіңнің денсаулығыңды нығайтып, мақсатқа жетуге ұмтыласың".

Екі жыл қатарынан қатысып, өз категориясында чемпион атанған Ширбаев Дарын өз пікірімен бөлісті: "Чемпионатқа дайындалу барысы оңай болған жоқ. 4 ай бойы қатаң диетаны ұстандым, яғни тәтті, нан, тоқаш азықтарынан бас тартып, ағуыз бен көмірсуларды қалыпта ұстауға тырыстым. Салаттар, ағуыздарды рационға кіргізіп, су, тұз бен артық майды шығару керек, бұл "сушка" деп аталады. Расында да денең кебе бастайды. Бұл атлеттер үшін ең ауыр кезең, себебі ағза өзгеріп, су жетіспеушілік болады. Алайда чемпионаттан кейін мұның бәрі қалыпқа келеді. Таңертең және кешке жаттығып, ауыр жаттығулар бағдарламасын ұстандым. 2 түрлі залда жаттықтым. Өзімнің жұмысым жаттықтырушы болғандықтан мен күні бойы залда жүремін. Қарамағымдағы жаттығушылардың бағдарламаларын, тамақтану режимдерін қадағалаймын. Бұл спортпен мен 4 жыл бойы айналысып келемін. Ал жалпы жаттығуды 16 жасымнан бастадым. Спортқа деген махаббатым мені алға, жаңа шыңдарды бағындыруға жетелейді. Менен кеңес, көмек сұрап келетіндерге демеу беремін. Бұл спорт эстетика мен күштің, дене мен рухтың тоғысы және тек жігерлілікті талап етеді".

Абсолютті чемпион атағын Волынкин Михаил (Ташкент) және Нұрбекова Ұлпан (Қазақстан) иеленді.

Чемпионат 7 сағат бойы жалғасып, өз мәресіне жетіп, көрермендерді нәтижесімен таңғалдырды деуге болады. Өз жақындарын қолдауға келген адамдар залды шулатып, қазылардың пікірін сынап жатты. Дегенмен, жеңімпаздар медаль мен дипломдарын қоржындарына салып, бір-бірімен қол алысып тарасты.

Бұл ерекше спорт түрі елімізде аса танымал емес. Алайда осындай шаралардың көмегімен жақын арада өз орнын табары сөзсіз. 

Ф. Абилова