Чемпиондар лигасы «Эль-Класикомен» жалғаспайды (видео)

Чемпиондар лигасы «Эль-Класикомен» жалғаспайды (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының финалына шыққан екінші клуб анықталды. Туриндік «Ювентус» Мадридте «Реалмен» 1:1 есебімен тең ойнап, дүбірлі доданың финалына жолдама алды.

Карло Анчелотти жаттықтыратын «корольдік клуб» өз атағын қорғап қала алмады. Чемпиондар лигасы тарихындағы «стеоротипке» өзгеріс енгізе алған жоқ. Бірінші ойында «Реал» түзде «Ювентусқа» 2:1 есебімен жеңілсе, өз алаңында 1:1 есебімен тең тарқасты. Нәтижесінде Массимилиано Аллегри жаттықтыратын ұжым араға 12 жыл салып финалға жолдама алып отыр.

«Сантьяго Бернабеу» жанкүйерлері алаң иелерінен жеңіс күткені рас. Бірақ қонақтардың тас-қамал қорғанысы мен қарымта шабуылы «Реал» ойыншыларының адымын кеңге аштырмады. 23 минутта Криштиану Роналду пенальтиден командасын алға шығарғанмен, есепте басымдықты ұстап қала алмады. 57 минутта бұрынғы «Реал» шабуылшысы Альваро Мората өзіне берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланып, таразы басын теңестіріп кетті. Командасын финалға алып шығар голын соққанын сезінгенмен, футболшы бұрынғы жанкүйерлері алдында қуанған жоқ. Туринде гол соққанда да қуанбаған болатын.

«Корольдік клуб» сапынан Касильяс, Марсело, Иско және Даниэль Карвахаль ғана сәтті өнер көрсетті деп айтуға келеді. Ал Гарет Бэйлдың мүлде жолы болмағандай. Бұл маусымдағы барлық жүлдеден қағылып үлгерген ұжымды енді үлкен тоқырау кезеңі күтіп тұрғаны анық секілді.

Қарымта ойында УЕФА «Ювентус» қақпашысы әрі капитаны Джанлуиджи Буффонды үздік ойыншы ретінде таныды. Расында да Италия құрамасының ойыншысы бұл дәрежеге сай өнер көрсете білді.

Чемпиондар лигасының 2014/2015 жылғы маусымдағы «Барселона» мен «Ювентус» арасындағы шешуші кездесуі 6 маусым күні Берлиндегі Олимпиадалық стадионда өтеді. 

Ө. Сансызбай