«Қайрат» футзал клубы УЕФА кубогын жеңіп алды

«Қайрат» футзал клубы УЕФА кубогын жеңіп алды

Шағын футболдан (футзал) Алматының «Қайрат» футзал клубы 2014/2015 жылғы УЕФА кубогын жеңіп алды. Лиссабонда өткен дүбірлі доданың финалында қазақстандық клуб каталондық «Барселонаны» 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Шешуші ойында «Қайрат» екі доп басымдығымен бірінші таймда алға озды. 17 минутта Умберто есеп ашса, араға 2 минут сала Алешандре Диваней есепті еселей түсті. Екінші таймда Саад «Барселонаның» бірінші голын соққанмен, көп ұзамай Игорь есепті 3:1-ге жеткізді. Каталондық клуб ойыншылары да намысқа тырысып, доп айырмашылығын тағы бір қысқартты. Одан кейінгі аралықта қорғаныста сауатты өнер көрсеткен қазақстандық клуб таразы басын теңестіруге мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде «Қайрат» футзал клубы өз тарихында УЕФА кубогын екінші рет  (бірінші рет - 2013 жылы) жеңіп алды. Шешуші ойында қазақстандық клубтың сапынан қақпашы Игита шеберлігімен көзге түсе білді.

Айта кетейік, Португалия астанасы Лиссабонда өткен УЕФА кубогының жартылай финалында «Қайрат» Мәскеудің «Дина» клубын 7:4 есебімен жеңген болатын. Қола жүлде үшін ойында ресейлік клуб лиссабондық «Спортингтен» жеңіліс тапты.

УЕФА кубогы. Финал.

«Барселона» - «Қайрат» - 2:3 (0:2)

Голдар: Саад 30. Лин 32 - Умберто 18, Диваней 20, Игор 32

«Барселона»: Седано, Габриэль, Лин, Алекс, Вилде, Кристиан, Айкардо, Ари, Диего, Лоссано, Саад, Фильо, Усин, Мендиола.

«Қайрат»: Игита, Игор, Лукаян, Дуглас, Диваней, Маркао, Умберто, Жаманкулов, Жоан, Сулейменов, Лео, Першин, Алешандре Кайо.

Төрешілер: Ковач, Малфер, Томич

26 сәуір 2015 жыл. МЕО-АРЕНА, Португалия. 6500 жанкүйер.

Cурет: kairat-futsal.kz

Ө. Сансызбай