Зарина Диас пен Серена Уильямстың жолы түйісті

О Сансызбай Корреспондент
Зарина Диас пен Серена Уильямстың жолы түйісті

Теннистен АҚШ-тың Индиан Уэллс қаласында өтіп жатқан «BNP Paribas Open» халықаралық турнирінің үшінші кезеңінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Диас әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямспен кездесетін болды.

БӨЛІСУ

WTA рейтингінің 32-ші сатысында тұрған отандасымыз жарысты екінші кезеңнен бастады. Зарина хорват қызы Донна Векичті екі сетте жеңіп келесі кезеңге өтті. Ойынды сәтсіз бастаған Қазақстанның бірінші ракеткасы уақыт өте келе қателігінің орнын толтырып, есепте алға шыға білді. Зарина екі сетте де 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Негізінен екі теннисші 2015 жылы екінші рет кездесті. Бірінші ойында да отандасымыз жеңіске жеткен болатын.

Әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямс екінші кезеңде румын елінің теннисшісі Моника Никулескудан басым түсті. Бірақ, АҚШ теннисшісі оңай жеңіске жете алған жоқ. Қарсыласы да барынша қарсылық таныта білді. Нәтижесінде АҚШ елінің танымал теннисшісі 7:5, 7:5 нәтижелерімен келесі кезеңге өтті. Енді ертең Зарина Диас пен Серена Уильямс арасындағы кездесуді көретін боламыз.

«BNP Paribas Open» халықаралық турниріне Зарина Диастан өзге Юлия Путинцева да қатысуда. Ол жарыстың негізгі кезеңіне өтіп, бірінші айналымда чех Тереза Шмитковадан 6:4, 6:4 есебімен басым түсті. Екінші айналымда әлемнің алтыншы нөмірлі теннисшісі серб Анна Иванович кездесетін болады.

Айта кетейік, «BNP Paribas Open» - ерлер арасында 1974 жылдан, әйелдер арасында 1989 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2015 жылғы жүлде қоры 5, 381 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Доданың басты демеушісі – француздың «BNP Paribas Open» банкі. Өткен жылы бұл турнирде ерлер арасында серб Новак Джокович топ жарса, әйелдер арасында италиялық Флавия Пеннетта жеңімпаз атанған болатын. 

Сурет: өңделген

Оқи отырыңыз

Зарина Диас үшжылдық үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралды

Зарина Диас: "Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысу – мен үшін үлкен мақтаныш болар еді"

Зарина «Australian Open» турнирін аяқтады

Зарина Диас WTA рейтингінде ондыққа енген теннисшіні жеңді