«Дэвис кубогы». Қазақстан құрамасы Италияны жеңді (видео)

«Дэвис кубогы». Қазақстан құрамасы Италияны жеңді (видео)

Теннистен «Дэвис кубогының» 1/8 финалында Қазақстан құрамасы Италияны жарыс жолынан шығарды. Үш күнге созылған ойындар қорытындысы бойынша отандастарымыз 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен үшінші күнге ойындарға Михаил Кукушкин мен Александр Недовесов шықты. Соңғысының орнына Андрей Голубев шығады деп күтілген еді. Бірақ, Андрейдің орнына Александр шықты.

ATP рейтингінде 58-ші орында тұрған Михаил Кукушкин Андре Сеппиді үш сетте де қиналмай ұтты. Нәтижесінде Қазақстан мен Италия арасындағы есеп теңесті. Шешуші кездесуде Александр Недовесов пен италияндықтардың бірінші ракеткасы Фабио Фоньини жолығып, аса тартысты өткен кездесуде қазақстандық теннисші қарсыласынан басым түсті.

Бірінші сетте қазақстандық теннисші қарсыласынан тай-брейкте басым түсті. Бірақ, екінші және үшінші сетте қарсыласына 3:6, 4:6 нәтижелерімен есе жіберіп алды. Төртінші сетте барын салған Aлександр Недовесов 6:3 есебімен жеңіске жетті. 3 сағат 45 минутқа созылған ойынның шешуші сеті тартысқа толы болды. Отандасымыз 4:1 есебімен басым түсіп тұрып, қарсыласын 4:5 есебімен алға оздырып алды. Бірақ, қайратына қайта мінген Александр Недовесов 7:5 есебімен жеңіске жете білді.

Италия құрамасын 3:2 есебімен жеңген Қазақстан құрамасы ширек финалға жолдама алды. Енді отандастарымыз 17-19 шілде күні Австралия теннисшілерімен сырт алаңда кездесетін болады. 

Сурет: ktf.kz

Оқи отырыңыз

Астанада «Дэвис кубогы» жолындағы Қазақстан-Италия кездесуі басталды

Зарина Диас үшжылдық үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралды

Зарина Диас: "Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысу – мен үшін үлкен мақтаныш болар еді"

Ө. Сансызбай