«Аякс» академиясы қазақ балаларына футбол әліппесін үйретеді

«Аякс» академиясы қазақ балаларына футбол әліппесін үйретеді

Алматы қаласында ашылған Халықаралық футбол академиясы іріктеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Өткен жылдың қараша айында елімізде ТМД бойынша алғаш ашылған Халықаралық футбол академиясы ресми пресс-конференциясын өткізіп, әлемдегі нөмері бірінші «футбол фабрикаларының» бірі – нидерландық «Аякс»  академиясымен серіктестігін жариялаған болатын.

Сол күннен бастап, балғын футболшыларды тіркеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінге дейін 700-ден астам өтініш қабылданған екен. Тілек білдірушілер саны көп болуы себепті, қарым-қабілеті жоғары балалар тағы да саралаудан өтті. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін жеткіншектерді іріктеуге амстердамдық академияның жаттықтырушысы Патрик Ладру (Patrik Ladru) мен директоры Сандер де Год (Sander de Goede) өздері арнайы келді. Іріктеу алдағы төрт күн бойы жүргізіледі. Дәл қазір Алматы қаласындағы ОӘСК (ЦСКА) спорт базасында өтуде. Ұйымдастырушылар балаларды бірнеше топқа бөліп, бір-бірімен кезкетестіре ойнатып, қарым-қабілеттерін байқауда. Дегенмен 700 баланың қаншасына Халықаралық футбол академиясында жаттығу бағы бұйыратыны әзірге белгісіз.

Бірақ 250-300 бала қабылданады деген болжам бар. Оның ішінде, бірнеше балаға грант беріледі. Яғни, ала допты шыр айналдырған дарынды балалар тегін жаттыға алады. Сондай-ақ, бір-екі топ балалар үйінен қарым-қабілеті бар жас өркендерді таңдап, оларға да қайырымдылық негізінде тегін жаттығуға мүмкіндік береді. Ал ақылы бөлімге келсеңіз, айына 20 000 теңге төлеуіңіз керек. Бірақ оның ішіне, балалардың жаттығуына қажетті бастан-аяқ киімдері тегін, егер абайсызда қандай да бір жарақат алып қалса, оны да өздері емдетеді. Ол аз десеңіз, егер де балалардың мектепте бағалары төмен болып жатса, қосымша сабақ өткізіп, математика және ағылшын тілдерінен үлгерімдерін жақсартуға көмектеседі екен.

Нидерландық жаттықтырушылар алғашқы 10 күн осында болып, барлық жұмысқа араласады. Содан соң, ай сайын бір аптаға осында келіп, жаттығу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ал жаттығу жұмыстары осы айдың 15-інен басталады. Жас футболшыларды жас мөлшерлеріне қарай  6-10, 10-13, 14-18 ге дейінгі аралықта үшке бөліп жаттықтырады.

Сондай-ақ, өз елімізден де жаттықтырушы болсам деп, 18 үміткер тілек білдіріпті. Бұлардың ішінен 6-8-ін жұмысқа алады. Оларды да нидерландық бапкерлер анықтайды екен. Іріктеуге іліккендері бұл жерде шәкірттерді жаттықтыра отырып, өз шеберліктерін де шыңдай алады. Біріншіден, нидерландық жаттықтушылар дәріс өткізіп, өздерінің әдіснамасымен таныстырады. Серіктестік жасаған «Аякс» академиясының онлайн сайтында бейне сабақтар бар. Яғни жаттықтырушы қалаған уақытында, түрлі жаттығуларды көріп, балаларға үйрете алады. Ұйымдастырушылар бірте-бірте «Аякс» академиясының оқыту жүйесіне толығымен көшуді жоспарлап отырғандарын да жасырмады.

Бағымызға орай, жаңа бастама көтеріп, қазақ футболын әлемдік алаңға көтеруді мақсат тұтқан академия директоры Қалияждаров Данабек Ризабекұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.  

Жақсы іске ұйытқы болып жүрген жас кәсіпкер былай деп ағынан жарылды: «Бұл бастаманы көтергенде, барлығы да мені футболшы деп ойлапты. Бірақ, мен футболшы емеспін, Республикалық физика-математика мектебінде және IT университетінде сабақ беремін, яғни ұстазбын. Жалпы маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды және мен –футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің бірімін. Сондықтан, да өз отанымда футбол академиясын ашу менің үлкен арманым еді. Міне, бүгін көңілдегі арманым өміріме айналып, сізге сұхбат беріп тұрған жайым бар (күліп). Бірақ, бұған жету оңайға соқпады. Болашақта үлкен нәтижеге жету үшін, әлемдік аренада өзіндік орны бар футбол академияларымен байланысқа түстім. Оларды жеке-жеке зерттедім, нәтижесінде нидерландық «Аякс» академиясы лайық деп таптым. Неге «Аяксті»  таңдадыңыз десеңіз? Ол – әлемдегі алдыңғы қатарлы «футбол фабрикаларының» бірі һәм бірегейі. Осы «Аякс» бапкерлерімен серіктесе отыра, академиямыздан жасыл алаңда қазақ намысын қорғайтын нағыз ала доп шеберлерін түлетіп ұшыратынымызға сенімдімін».

Естеріңізге сала кетейік, нидерландық «Аякс» академиясынан көптеген футбол майталмандары түлеп шыққан. Олардың арасында: Йохан Кройф, Йохан Нескенс, Руд Крол, Виллем Кифт, Марко ван Бастен, Франк Райкард, Эдвин ван дер Сар, Деннис Бергкамп, Эдгар Давидс, Микаэль Райцигер, Патрик Клюйверт, ағайынды Роналд Франк де Бур, Кларенс Зеедорф, Златан Ибрагимович, Рафаэль ван дер Ваарт, Анди ван дер Мейде, Весли Снейдер, Найджел де Йонг, Стивен Пиенаар, Хедвигес Мадуро сынды әлемдік футбол жұлдыздары да бар.

Сурет: massaget.kz

Е. Жұмабайұлы