Ақжүрек Таңатаров ел чемпионатында жүлдесіз қалды

О Сансызбай Корреспондент
Ақжүрек Таңатаров ел чемпионатында жүлдесіз қалды

Талдықорған қаласында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. 74 келіге дейінгі салмақта Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров екінші айналымда Жігер Закировқа жеңіліп, жүлдеден қағылды.

БӨЛІСУ

Қазақстандық балуандар үшін 2015 жылдың ең басты додасы – АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін әлем чемпионаты. Ол жарыста Олимпиада ойындарының жүлделері сарапқа салынады. Үлкен нәтиже керек екені анық. Ал сол бәсекеде кімдер қазақ елінің намысын қорғайтыны дәл осы Талдықорғанда өтетін біріншілік барысында анықталады.

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде басталған жарыстың бүгін ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар, еркін күрестен төрт салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды. Ертең де еркін күрестен төрт салмақ дәрежесі бойынша мықтылар іріктеліп шығатын болады. 19 ақпанда әйелдер белдессе, 20-21 ақпан аралығында грек-рим күресі шеберлері боз кілемге шығады.

Бүгін еркін күрестен 57, 65, 74 және 97 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар есімі белгілі болды. 74 келіге дейінгі салмақта Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров екінші айналымда Жігер Закировқа жеңіліп, жүлдеден қағылды. Жеңіске жеткен Жігер финалда алматылық Бақтияр Ізбасаровты жеңіп, ел чемпионы атанды. 57 келіге дейін салмақта Расул Қалиев топ жарса, 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алматы облысының балуаны Алихан Жұмаев мықты шықты. 65 келіге дейінгі салмақта Мейіржан Әшіров финалда Саятбек Оқасовтан өткен жылы кеткен есесін қайтарып, чемпион атанды.

Жеңімпаздар тізімі:

57 келі

Алтын: Расул Қалиев (ШҚО)

Күміс: Артас Санна (Ақтөбе)

Қола жүлдегерлер: Ернұр Қабатаев (Павлодар), Бердах Примбаев (ОҚО)

65 келі

Алтын: Мейіржан Әшіров (Жамбыл облысы)

Күміс: Саятбек Оқасов (Астана)

Қола жүлдегерлер: Дәурен Жұмағазиев, Бағдәулет Уәли (екеуі де – Алматы облысы)

74 келі

Алтын: Жігер Закиров (Маңғыстау)

Күміс: Бақтияр Ізбасаров (Алматы облысы)

Қола жүлдегерлер: Болат Сақаев (Алматы), Аслан Әзизов (Жамбыл облысы) 

97 келі

Алтын: Алихан Жұмаев (Алматы облысы)

Күміс: Мамед Ибрагимов (Павлодар

Қола жүлдегерлер: Нұрғали Байтарақов, Ералы Әбдірашев (екеуі де – Астана)

Айта кетейік, күрес түрлері бойынша басталған Талдықорғандағы Қазақстан біріншілігі тұңғыш рет "ZHERSU" корпорациясының қолдауымен онлайн таратылуда.  

Cурет: sports.kz

Оқи отырыңыз

Қазақстандық «классик» балуандардың әлемдік рейтингтегі нәтижелері жоғарылады

Ислам Байрамуков: Алты жасар шәкірттерім бар