Қазақстандық «классик» балуандардың әлемдік рейтингтегі нәтижелері жоғарылады

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық «классик» балуандардың әлемдік рейтингтегі нәтижелері жоғарылады

Қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері қаңтар айында екі бірдей байрақты бәсекеге қатысып, сәтті өнер көрсете білді. Нәтижесінде әлемдік рейтингте отандастарымыздың көрсеткіштері жоғарылап отыр.

БӨЛІСУ

Ел намысын қорғап жүрген «классик» балуандар қаңтар айында АҚШ-тың Колорадо Спрингс қаласында Олимпиада және әлем чемпионы Дейв Шульцтің құрметіне арналған ірі халықаралық турнирге қатысты. 4 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль еншілеген отандастарымыз жоғары нәтиже көрсетті. Ал Парижде өткен Гран-При турнирінде қазақстандық балуандар 2 күміс, 2 қола жүлде еншілеп қайтты. Сонымен балуандарымыздың көрсеткен нәтижесіне қарай жаңарған рейтингтегі нәтижелеріне көз жүгіртіп көрейік.

Дейв Шульц атындағы турнирде қола жүлде еншілеген қазақстандық балуан Мейрамбек Айнағұлов (59 келі) әлемдік рейтингке еніп, 13-ші орыннан көрініп отыр. Ал осыған дейін 17-ші орында тұрған Алмат Кебіспаев 14-ші орынға көтерілді.

66 келіге дейінгі салмақта Дейв Шульц атындағы турнирде топ жарған Демеу Жадыраев 11-ші орынға дейін алға озыпты. Ал 71 келіге дейінгі салмақта Асхат Жаңбыров алғашқы жиырмалыққа еніп отыр. Ол Париждегі Гран-Придің финалында сүрініп, күміс медальды қанағат тұтқан еді.

75 келіге дейінгі салмақта Досжан Қартықов пен Мақсат Ережеповтың нәтижелері айтарлықтай жақсарған. Екеуі Колорадо Спрингс қаласындағы турнирде финалға шыққан болатын. Досжан рейтингте 13-ші орыннан 10-ға көтерілсе, Мақсат 14-ші орыннан көрініп отыр.

80 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы жиырмалыққа қазақстандық грек-рим күресінің шеберлері енбеген. 85 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов өз орнын (17-ші орын) сақтап қалған. Ол Дейв Шульц атындағы турнирде қола жүлдегер атанған болатын. 98 келіге дейінгі салмақта Ерұлан Ысқақовтың да рейтингтегі орны (9-шы орын) өзгермепті.

Колорадо Спрингс қаласындағы Дейв Шульц турнирінде Нұрмахан Тінәлиев (130 келі) финалда жергілікті балуан Давид Арендті 8:0 есебімен жеңіп, топ жарған еді. Нәтижесінде отандасымыз 9-шы орыннан 6-шы орынға көтерілді.

Айта кетейік, 2015 жылғы ересектер арасындағы күрес түрлерінен Азия чемпионаты (6-10 мамыр) Катар астанасы Дохада болса, әлем чемпионаты (7-13 қыркүйек) Лас-Вегаста (АҚШ) өтеді.

Сурет: kaz.tengrinews.kz

Оқи отырыңыз

Пакьяо мен Мейвезер арасындағы «ғасыр жекпе-жегі» өтпеуі мүмкін

Шахмарал Жетпісов басты жекпе-жекте жеңіліп қалды

14 жастағы қазақстандық футболшы Францияны мойындатты