Ислам Байрамуков: Алты жасар шәкірттерім бар

Ислам Байрамуков: Алты жасар шәкірттерім бар

Жақында Халықаралық күрес түрлері федерациясы жаңа салмақ дәрежелерін жариялады. 2014 жылдың 1-і қаңтарынан бастап қолданысқа енетін салмақ дәрежелері алтыға қысқарды. Осыған орай еркін күрестен еліміздің көк байрағын талай байрақты бәсекелерде биікте желбіреткен жерлесіміз, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковпен тілдесудің сәті түскен еді.


-  Ислам аға, күреске деген қызығушылығыңыз неше жаста оянды?

- Ауылда өскен соң белгілі ғой мал қарайсың, қызық қуасың, көршінің балаларымен алысасың, жұлысасың. Футбол ойнаймыз. Жазық далаға шығып күресеміз. Бірінші жаттықтырушым да Серік Нұрманбетов деген кісі еді. Көршім болатын. Өзімнен бірнеше жас үлкен жігіттермен күрестіріп, шынықтырып алған-ды. Осыдан барып күреске деген қызығушылық ояна бастады.

Ең алғаш боз кілемге шығып, осы спорт түрімен айналысамын деген сенімділікті сезінген сәтіңіз есіңізде ме? 

- Әрине, ол кезде ауылда кинотеатрлар болатын. Соған барушы едік. Қазір де ауылдарда кинотеатрларды жандандыру керек. Сол кинотеатрға барғанда «Рингке шақырылады...» деген фильмді көргенмін. Керемет әсер етті. Сөйтсем ол өзбекстандық тұңғыш Әлем чемпионатының жүлдегері Руфат Рыскиевтің құрметіне түсірілген екен. Одан кейін 1980 жылғы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарын көрдім. Мұның барлығы маған әсер етпей қоймады. Содан бастап өзіме жоспар мен мақсат қоя бастадым. Өзіме деген сенімділік ояна бастады. Сол жолда тер төгуге бел будым. 

- Олимпиаданы спортшының барлығы армандайтыны анық. Сіз үш бірдей Олимпиадаға қатыстыңыз. Кейде көрсеткен өнеріңізге "әттеген-ай" деген тұсыңыз болды ма?

- Әрине болады. Дегенмен өткенге өкініштің болмағаны жақсы ғой. Бұйырғанын алдық. Бұйырмағаны бұйырмады ғой. "Әттеген-ай" деген сәттер көп болды. Алайда күміс жүлденің өзі үлкен еңбектің арқасында келді. Қолымыздан келгенше барымызды салдық қой.

- Енді отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Рамазан дейтін алты жасар ұлым бар. Ұлым да өзімнің жолымды жалғап келеді. Күреспен айналысып жүр.

«Ат–ер қанаты» дейді. Жылқы малына деген құрметіңіз жоғары екен. Әзір де осы кәсіппен айналысып жүрсіз бе?

- Кішкентай кезімнен жылқы малын жақсы көріп өстім. Тұлпарлар баптадым. Бәйгеге қостым. Кейде қаржы салдарынан тұралап қалатын да сәттер болады. Ондай кездерде де шыдамдылық таныта білу керек. Соңғы үш-төрт жылда ат спорты деңгейі төмендеп қалған еді. Қазір шүкіршілік. Ат спорты қайта дамып келеді. Алдағы уақытта да дами түспек.

Кітап оқығанды ұнатады екенсіз, қазір қандай шығармалар оқып жүрсіз?

Бала кезімде Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын оқыдым. Кішкентай болсам да, үлкендер оқитын туындыларын парақтадым. Жалпы шығармалары маған қатты ұнайтын. Қазір кітап оқуыма көп уақыт табыла бермейді. Қол босаса интернетке кіріп кетесің. Әлеуметтік желілерде отырамын.

Бейнебаяндардан сізді байқап қаламыз, жалпы фильмге түсуге ұсыныс жасаса келісер ме едіңіз?

- Енді оны фильмнің жай-жапсарына қалдыру керек. Ертеңгі күні ұялмайтындай болса, ұсынысты қарап көруге болады. Қызықты дүние болса көре жатармыз. Кейіпкер рөлінде ойнаған соң, өзгенің көзқарасын дұрыс қалыптастырған жақсы ғой.

Қазіргі қазақ жастарының күреске деген қызығушылығы қандай? Сізді қуанта ма?

- Әрине қуантады. Статистика бойынша қазіргі таңда осы спорт түрімен 19-20 мыңдай адам шұғылданады. Күрес деген халқымыздың қанына сіңген спорт түрі. Табиғатымызға жақын, көзқарасымызға да жақын. Сондықтан жақсы дамып келеді деп айта аламыз. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Спорт үйірмелері мен мектептерін ашу керек. Жастардың қызығушылығын оята түсу керек. Дамып келеді, келешекте көк байрағымызды биікте желбіретер палуандарымыз шығатынына сенемін.

- 2013 жыл – қазақ спорты үшін табысты жыл болды деп айта аламыз. Ал еркін күрес үшін бұл жыл қалай өтті?

- 2013 жыл – еркін күрес спорты үшін айтарлықтай жыл бола қойған жоқ. Әлем біріншілігінде жүлделі орыннан көріне алмадық. Бірақ, сенім артып отырған палуандарымыз бар. Олардың көбі – жастар. Тәжірибе керек. Келешекте құрама сапындағы дарынды палуандар топ жарады деп ойлаймын. Жастарға дендеп назар салу керек. Бәрі бірден бола қоймайды ғой. Бірте-бірте аяққа тұрар. Болашағынан үміт күттіріп отырған палуандарымыз жетерлік.

Жақында белгілі болғандай, күрестегі салмақ дәрежелері қысқарды. Бұл палуандарымызға қалай әсер етеді?

- Халықаралық күрес федерациясы осы спорт түрінің деңгейі мен дәрежесін көтеру жолында жасап жатқан қадамы ғой. Баяғыда он еді, қазір алтыға дейін қысқартты. Талай өзгерістер болған. Алайда салмақ қысқарды деп спорттан кетіп қалған ешкім жоқ. Әйелдер мен ерлер салмақ дәрежелерін теңестірді. Енді 60 келіде бақ сынап жүрген палуандарымызға сәл қиындау болады. Олар 57 келіге түсу керек, болмаса 66 келіге көтерілу керек болады. Жастарға аса қиын бола қоймайды деп ойлаймын. Ал бұрыннан боз кілемде белдесіп жүргендерге ауырлау соғатыны анық. Қалған салмақтарда аса қатты өзгерістер байқап отырған жоқпын. Бірақ 74 пен 86 келі салмақ дәрежелері арасы ұзап кеткендей. Менің ойымша, осы екі салмақ дәрежелері ортасына тағы бір салмақты қосу керек еді. Енді кім біледі? Ойластырылып жасалған ғой.

Бапкер болу ойыңызда бар ма? Шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба?

- Шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Алты жасар шәкірттерім бар. Жинаған тәжірибемізді жастарға беруіміз керек қой. Сол жолда жұмыстар атқарып жатырмын.

- Әңгімеңізге рақмет!

Бүгінгі Ислам Байрамуков жаттықтырып жатқан шәкірттер келешекте еліміздің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатын мақтаныштарымыз бола берсін деген тілек білдіреміз!

Сұхбаттасқан : Өмірбек Сансызбай

Сурет: horde.me, voxpopuli.kz 

Ө. Сансызбай