Қазақ таеквондошылары БАӘ-ден 10 медаль еншілеп қайтты

О Сансызбай Корреспондент
Қазақ таеквондошылары БАӘ-ден 10 медаль еншілеп қайтты

Таэквондодан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық турнирде 10 медаль еншілеп қайтты. Бұл туралы Қазақстан таеквондо (WTF) федерациясының баспасөз хатшысы хабарлап отыр. 

БӨЛІСУ

G-1 дәрежесіндегі жарыс елдің Фуджейра қаласында өтіп, додаға әлемнің әр елінен келген 550 спортшы қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында тіпті Фуджейраның мұрагер ханзадасы Шейх Мұхаммед бин Хамад бин Мұхаммед Аль-Шарки ат салысып, турнир беделін асқақтатты. Қазақстан құрамасы 3 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша 2 күміс пен 8 қола медальді қанжығасына байлап, үздіктер қатарынан көрінді. Ақтық сындарда 67 келі мен 73 келі салмақта  өнер көрсеткен қыздарымызға сәттілік жетіспей, Феруза Ергешова мен Айгүл Елубай екінші орынға табан тіреді. Алдоңғарова Фариза (49 кг), Дулатова Рахат (53 кг), Бибалаева Гүлім (67 кг), Іргебай Айзере (67 кг), Жүнісова Мереке (+73 кг), Ұзақбай Динара (+73 кг), Мырзабаев Нұрлан (74 кг) және де  құрамадан бөлек барған Исламханов Кайыржан (63 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.

Естеріңізде болса былтыр, дәл осы жарыста біздің спортшылар 2 медальге ғана қол жеткізген болатын. Федерация Президенті Вячеслав Кимнің айтуынша, бұл бірінші кезекте спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының құрамындағы Қазақстан таеквондо федерациясының еңбегі. Шығыс жекпе жегінің бұл түрін дамыту үшін Федерация барын салуда. Материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Өзге мемлекет құрамалары мен бірлесіп оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, қандастарымызбен батыс және шығыстан арнайы шақырылған мамандары жұмыс істеп келеді. Спортшылардың сөзіне сенсек, таеквондоның қарқынды дамуында Федерацияның орны бөлек. Өйткені әрбір жарыс сайын олар ауадай қажет тәжірибе жинап, қазір спортшылар өздерін ширақ сезініп жүргенін айтып отыр.

Сурет: ҚТФ

Оқи отырыңыз

Таэквондо – өзін-өзі қорғау сабақтары