Михаил Кукушкин Сиднейде өткен турнирдің финалында сүрінді

Михаил Кукушкин Сиднейде өткен турнирдің финалында сүрінді

Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Аустралияның Сидней қаласында өткен ATP сериялы теннис турнирінің финалында жеңіліс тапты. Турнирдің жүлде қоры 440 мың АҚШ долларын құрайды.

Отандасымыз ақырғы кездесуде әлемдік теннис рейтингінде 92-орында тұрған сербиялық Виктор Троицкиге есе жіберді. Ойын 6:2, 6:3 есебімен аяқталды. Екі теннисші осымен бесінші мәрте өзара кездесу өткізіп отыр. Троицки бүгінгі жеңісі арқылы 4-1 есебімен жерлесімізден ұзай түсті.

Михаил Кукушкин жартылай финалда турнирдің бесінші ракеткасы, аргентиналық Леонардо Майерді 6:4, 6:4 есебімен оңай ұтқан болатын.

Қазақстандық теннисші финалға шығу арқылы 150 рейтингтік ұпай жинады. WTA рейтингінде 66 орында тұрған отандасымыз алдағы аптада 45-50 орынға көтерілуі мүмкін.

Кукушкин мен Троицки  арасындағы финалдық кездесу тарихилығымен ерекшеленді. Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) тарихында алғаш рет квалификациядан жеңіске жеткен теннисшілер финалда өнер көрсетіп отыр.

Михаил Кукушкин  алдағы аптада "Үлкен дулыға" санатындағы Australian Open турнирінде жарыс жолына шығады. 

Сурет: sk-sport.kz

Н. Айдархан