Зарина Диас WTA рейтингінде бір саты жоғарылады

 Зарина Диас WTA рейтингінде бір саты жоғарылады

Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Диас WTA жаңарған рейтингінде тағы бір саты жоғарылап, 31-ші орынға тұрақтады. Бұл нәтиже – отандасымыздың спорттық мансабындағы ең жоғарғы көрсеткіші.

Өткен аптада Зарина Диас WTA рейтингінің 32-ші орнында болатын. Қытайда өткен «Shenzhen Open-2015» турнирінің ширек финалына дейін жетіп, рейтингтік 60 ұпай еншіледі. Нәтижесінде 1 401 ұпаймен тағы бір саты жоғарылап отыр.

Қазіргі таңда отандасымыз «аспан асты еліндегі» жарыстан кейін, Австралия жерінде екінші жарысын бастап кетті. WTA санатындағы халықаралық «Hobart International» турниріне қатысуда. Бірінші айналымда Зарина испандық теннисші Сильвия Сонер-Эспиносамен кездесіп, жарысты сәтті бастады. Енді 1/8 финалда нидерландылық Ришель Хогенкамп пен словакиялық Даниэль Гантухова арасындағы кездесудің жеңімпазымен жолығады. Бұл екі теннисші де отандасымыздан төменгі сатыларда орналасқан. 

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай