«Astana Arlans» V маусымдағы жаңа құрамын таныстырды

«Astana Arlans» V маусымдағы жаңа құрамын таныстырды

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» клубы V маусымдағы жаңа құрамын таныстырды. Бүгін клубтың бас директоры Серік Сәпиев барлық боксшыларға ресми түрде келісімшартты табыстады.

«Astana Arlans» жаңа маусымға жаңа құраммен аяқ басқалы отыр. Осыған дейін клубтың бас директоры болып келген Болат Манкеновтың орнына Серік Сәпиев, екі жылдан бері команданы жаттықтырып келген Cергей Корчинскийдің орнына Марат Жақиев келген-ді. Бүгін клуб тарихындағы ерекше оқиға ретінде бағаланған баспасөз жиыны Талғар қаласындағы Ақ-Бұлақ спорттық-сауықтыру кешенінің жанына салынған AIBA-ның бүкіләлемдік бокс академиясында өтті.

Жаңа құраммен қоса жаңа директор мен бас бапкерді таныстыру жиынына «Астана» ПКСК басшысының орынбасары Юрий Мельниченко, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов қатысты.

Алғаш болып сөз сөйлеген Юрий Мельниченко клубтың бас директоры Серік Сәпиевті ресми түрде таныстырып, баспасөз жиынына келген бұрынғы бас директор Болат Манкеновке алғысын білдірді. Сонымен қатар, «Astana Arlans» клубы мен ұлттық құрама боксшылары арасында тығыз байланыс орнату мақсатында қолға алынған жоба туралы да айта кетті. Сол мақсатта отандық бокс маманы Марат Жақиевтің бас бапкер қызметіне тағайындалғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта ұлттық құрамада бірге қызмет атқарған Марат Жақиев пен Мырзағали Айтжанов бірлесе жұмыс жасайтынын да жасырмады. Сонымен қатар, клубтың бапкерлер қосынында да аздаған өзгерістердің барын айта кетті.

Клубтың бас директоры Серік Сәпиев алдағы маусымда боксшыларға сәттілік тіледі. Осыған дейін осы қызметті атқарып келген Болат Манкеновке көпшілік алдында алғысын білдіріп, ұялы телефон табыстады.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов «Astana Arlans» клубына бар назарын аударатынын баса айтып, ұлттық құраманың бірнеше мүшелерінің командаға қосылғанына қуанышты екенін жеткізді.

Жаңа маусымға команданы жаттықтырып жатқан Марат Жақиев жігіттердің әлеуеті жоғары екенін мәлімдеді. Алдағы уақытта дайындық барысында тәжірибе жинап, шыңдала түсетінін айтып, көш жүре келе түзеледі деп қысқа қайырды.

Айта кетейік, Олимпиада ойындарының лицензиясы таратылатын WSB жобасының бесінші маусымы қаңтар айында басталады. Осыған дейін тартылған жеребе бойынша «Astana Arlans» клубы «В» тобына түскен. Олардың бұл топтағы қарсыластары:«Argentina Condors» (Аргентина), «Venezuela» (Венесуэла), «USA KnocKouts» (АҚШ), «Italia Thunder» (Италия), «Azerbaijan Baku Fires» (Әзірбайжан) және «Poland Hussars» (Польша) клубтары. Отандастарымыз алғашқы кездесуін 17 қаңтар күні Алматыда «Venezuela» (Венесуэла) командасына қарсы өткізетін болады.

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай