Чемпиондар лигасының топтық кезеңі мәресіне жетті

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасының топтық кезеңі мәресіне жетті

Футболдан 2014/2015 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңі мәресіне жетті. Назарларыңызға ойындардың нәтижелерін ұсынамыз.

БӨЛІСУ

«Е» тобы

Соңғы ойындарға дейін сырын сақтаған топта ақыры о баста фаворит саналған клубтар топ жарды. «Бавария» сөзсіз мықтылығын мойындатса, римдік «Рома» өз алаңында «Манчестерге Ситиден» ұтылды.

Ресейлік жанкүйерлер бүгін мәскеулік «ЦСКА» тілеуін тілеген еді. Бірақ, ресейлік клубқа еурокубок ойындарын жалғастыру бұйырмады. «Альянс-Аренада» ойсырай ұтылғанмен, «Рома» өз алаңында ағылшындық клубты жеңгенде ғана «ЦСКА» Еуропа лигасына жолдама алып қалар еді.

Римдегі ойында Франческо Тотти бастаған жігіттер «Манчестер Ситиге» ұтылып қалды. Алаң иелері үшін 0:0 есебі тиімді еді. Өкінішке орай, Самир Насри мен Пабло Сабалета екінші таймда гол соғып, Руди Гарсия командасын сан соқтырып кетті. Енді «Рома» Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсететін болады.

"E" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Бавария 6 5 0 1 16:4 15
2.     Манчестер Сити     6 2 2 2 9:8 8
3.     Рома 6 1 2 3 8:14 5
4.     ЦСКА 6 1 2 3 6:13 5

 

«F» тобы

Каталондық «Барселона» Чемпиондар лигасында сегізінші маусым қатарынан бірінші орынмен топтық кезеңді аяқтады. «ПСЖ» екінші орынды қанағат тұтса, «Аякс» Еуропа лигасына жолдама алды.

Бұл топтағы тартысты кездесу «Камп Ноу» стадионында өтті. Жанкүйерлер назарын аударған ойында каталондық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші болып Златан Ибрагимович бұрынғы командасына гол соққанымен, артынша Лионель Месси Чемпиондар лигасындағы 75-ші голын тіркеді. Бірінші тайм аяқталар тұста Неймар белсенсе, Луис Суарес те алаңнан гол соқпай қайтпады.

Еуропа лигасына берілер жолдама үшін Амстердамда өткен ойында «Аякс» кипрлік «АПОЭЛ» командасын оңай жеңді. Есеп 4:0.

"F" тобы     Ойын         Жеңіс        Тең        Жеңіліс         Голдар         Ұпай   
1.     Барселона     6 5 0 1 15:5 15
2.     ПСЖ 6 4 1 1 10:7 13
3.     Аякс 6 1 2 3 8:10 5
4.     АПОЭЛ 6 0 1 5 1:12 1

 

«G» тобы

Бұл топтың басты фавориті лондондық «Челси» топтағы соңғы ойында да сүрінген жоқ. Лиссабондық «Спортинг» Еуропа лигасына түссе, гельзенкирхендік «Шальке-04» Словенияда «Мариборды» жеңіп екінші жолдамаға ие болды.

Жозе Моуринью өз елінің командасын жарыс жолынан шығарды. Лиссабондық «Спортинг» Лондоннан ұпайсыз қайтып, Чемпиондар лигасымен қош айтысты. Ойында «Челси» сапынан Сеск Фабрегас, Андре Шюррле және Оби Микел гол соқса, қонақтар қатарынан Джонатан Силва белсенді.

2012 жылы лондондық «Челсиді» Чемпиондар лигасында жеңіске жеткізген Роберто ди Маттео гельзенкирхендік «Шалькені» 1/8 финалға алып шықты. Түзде «Марибормен» өткен ойында неміс ұжымына жеңіс сыйлаған голды 61 минутта Макс Майер соқты.

"G" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар       Ұпай   
1.     Челси 6 4 2 0 17:3 14
2.     Шальке-04     6 2 2 2 9:14 8
3.     Спортинг 6 2 1 3 12:12 7
4.     Марибор 6 0 3 3 4:13 3

 

«Н» тобы

Бұл топта тек Еуропа лигасына жолдама алған команда ғана анықталды. Чемпиондар лигасының екі жолдамасының тағдыры осыған дейін шешіліп үлгерген еді.

«Н» тобында «Порту» сөзсіз көш бастады. Соңғы турда донецкілік «Шахтерды» қабылдаған команда жеңіліп тұрып, соңғы минутта ғана тең есепке қол жеткізе білді.

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде неапольдық «Наполиді» жеңіп топтық кезеңге өткен бильбаолық «Атлетик» сәтті ойынымен көзге түсе алмады. Нәтижесінде соңғы ойында беларустық «БАТЭ» командасын жеңіп, Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік алды.

"H" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар        Ұпай   
1.     Порту 6 4 2 0 16:4 14
2.     Шахтер Дн     6 2 3 1 15:4 9
3.     Атлетик Б 6 2 1 3 5:6 7
4.     БАТЭ 6 1 0 5 2:24 3

Естеріңізге сала кетсек, кеше Чемпиондар лигасының 4 тобының ойындары өтіп, 1/8 финал мен Еуропа лигасына шыққан командалар анықталған еді. Енді жеребе тастау рәсімі 15 желтоқсан күні Швейцарияның Ньон қаласында өтеді.

Сонымен, Еуропаның басты бәсекесінің топтық кезеңі де аяқталды. Ең үздік сұрмергендер көшін донецкілік «Шахтердың» бразилиялық шабуылшысы Луис Адриано бастап тұр. Оның еншісінде 9 гол бар. Украиналық клуб жарысты жалғастыратынын ескеретін болсақ, шабуылшының әлі де бұл нәтижесін жақсартуға мүмкіндігі бар. Екінші орында Лионель Месси тұр. Ол 8 гол соққан екен. Сонымен қатар, аргентиналық сұрмерген әр ойын сойын өз рекордын (Чемпиондар лигасы тарихындағы үздік сұрмерген) жаңартып келеді. Үштікті «Порту» командасының ойыншысы Джексон Мартинес 6 голмен қорытындылап тұр. Ал Криштиану Роналду болса 5 голмен 8-ші орынға жайғасқан. Қазіргі таңда португалиялық сұрмерген Чемпиондар лигасы тарихында 72 гол соққан. Бастысы - Роналду мен Месси арасындағы үздік рекордқа талас бұл маусыммен тоқтап қалмасы анық.

Сурет: AFP, Getty Images