Қазақ күресінен «Еуразия барысын» моңғолдар жеңіп алды

Қазақ күресінен «Еуразия барысын» моңғолдар жеңіп алды

Қазақ күресінен Тараз қаласында өтіп жатқан «Еуразия барысы» ІІ халықаралық турнирінде ел намысын қорғап жатқан қазақ балуандары финалда моңғол күресшілеріне есе жіберіп алды.

Абзал Арыстанбеков, Қайрат Ағыбаев, Дәулетхан Жақыпов, Мұхит Тұрсынов және Айбек Нұғымаровтар бастаған Қазақстан құрамасы турнирдің басынан жеңіліссіз келген болатын. Дегенмен, ақтық сайыста Моңғолия құрамасы қазақ балуандарынан мықты шықты. Есеп 4:1 нәтижесімен аяқталды. Сонымен екінші орын алған қазақ балуандары $30 000-ға ие болса, моңғолдар 50 000 АҚШ долларын қанжығасына байлады.

Ал үшінші орын үшін  тартыста Грузия Тәжікістан балуандарымен шығып, 3:2 есеппен жеңіске жетті. Грузин спортшылары $10 000-ға қол жеткізсе, тәжіктер 6 000 АҚШ долларын қанағат тұтты. Келесі орындар мынадай нәтижемен белгілі болды:

5. Әзірбайжан - $5 000

6. Қырғызстан - $4 000

7. Украина - $3 000

8. Түркия - $2 000

Естеріңізге сала кетсек, қазақ күресінен өткен «Еуразия барысы» ІІ халықаралық турнирі Балуан Шолақтың 150-жылдығына бағышталып өткізілді. Өткен жылы да Тараз қаласында өткен І халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы біріншілікті иемденген еді.

Сурет: massaget.kz

Ж. Өрісбай