Головкин кімдермен жұдырықтасқысы келеді?

Головкин кімдермен жұдырықтасқысы келеді?

Орта салмақта WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC аталымының уақытша чемпионы белбеуінің иегері отандасымыз Геннадий Головкин алдағы уақытта кімдермен шаршы алаңда жекпе-жек өткізгісі келетінін жеткізді.

GGG Мигель Коттомен жұдырықтасуды маңызды санайды. Өйткені, пуэрто-рикалық боксшы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына ие.

- Мен Коттомен жұдырықтасқым келеді. Бұл жекпе-жек мен үшін маңызға ие. Өйткені, Мигель Котто Серхио Мартинесті жеңу арқылы WBC тұжырымындағы чемпиондық атаққа ие болды. Мен Серхиомен жұдырықтаса алмадым. Сол себепті оны жеңген боксшымен шыққым келеді, - деді Геннадий.

Отандасымыз Мигель Коттодан өзге де танымал былғары қолғап шеберлерімен жекпе-жек өткізуден қашқақтап отырған жоқ.

- Сауль Альварес те мықты боксшы. Оны мексикалық аңыз деп атауға лайық. Кіші Чавеспен де жақсы жекпе-жек өткізуге болады. Біз онымен келісімге келуге талпындық, бірақ ол жұдырықтасуды қаламайтын сыңайлы. Фроч та осал қарсылас емес. Бұлардың барлығы атақты боксшылар, ал мен атақты боксшылармен жұдырықтасуды қалаймын, - деді.

Айта кетейік, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы 32-ші жекпе-жегін 2015 жылдың 21 ақпанында Монакода өткізеді. Қарсылас – британдық Мартин Мюррей. Осыған дейін К2 Promotions пен Golden Gloves промоутерлік компаниялары қос былғары қолғап шеберінің шаршы алаңда кездесуіне келісім жасаған-ды. GGG промоутері Том Леффлер жерлесіміздің тек АҚШ жерінде ғана емес, Еуропада да жекпе-жек өткізуін маңызды санап отыр.

Cурет: sport.gazeta.ru

Ө. Сансызбай