Головкин Астана мен Алматыға ат басын бұрады

Головкин Астана мен Алматыға ат басын бұрады

Әлемдік аренада ел абыройын асқақтатып жүрген отандасымыз Геннадий Головкин қараша айының екінші жартысында елге оралып, Астана мен Алматы қалаларында жанкүйерлерімен кездесу өткізеді деп күтілуде. Бұл туралы боксшының «Вконтакте» желісіндегі жеке парақшасы хабарлап отыр.

Ақпарат көзіне сүйенер болсақ, орта салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдарындағы әлем чемпионы, және WBC жүйесі бойынша уақытша чемпиондық белбеудің иегері Геннадий Головкин еліміздегі бірнеше ресми іс-шарада қонақта болмақ. Сонымен қатар, Астана қаласында тілшілермен өтетін баспасөз мәслихатына қатысады. Бастысы, жанкүйерлерімен кездесетініне қуанып, ыстық ықыласын да білдіріпті.

- Мен қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын жоғары бағалаймын. Мұнда менің нағыз тілеуімді тілейтін жанкүйерлерім бар. Олармен кездесетініме шын жүректен қуаныштымын, - деген боксшы.

Астана мен Алматыға арнайы ат басын бұрып келгелі отырған Гена 22 қараша күні футболдан ҚР Кубогының финалдық кездесуін («Ақтөбе» - «Қайрат») тамашалауы да мүмкін.

Айта кетейік, Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы 32-ші жекпе-жегін 2015 жылдың 21 ақпан күні британдық Мартин Мюррейге қарсы өткізеді. Бұл жұдырықтасу кешін Монакода өткізу жоспарланған.

Сурет: sportinfo.kz

Ө. Сансызбай