Ақ Олимпиада Алматыда өте ме?

Ақ Олимпиада Алматыда өте ме?

2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуден үмітті үш қаланың тағы біреуі өз кандидатурасын кері қайтарды. Нәтижесінде ақ Олимпиаданы өткізу мүмкіндігіне Алматы мен Бейжің қалалары таласатын болды.

Халықаралық Олимпиада комитеті шілде айында 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдауға үміткер үш қаланы бекіткен еді. Бірақ, кеше Норвегияның Осло қаласы дүбірлі доданы өткізуден бас тартты. Бас тартуының себебі де жоқ емес. Қаржы мәселесі мен халықтың қарсылығы үміткер қаланың кандидатурасын кері қайтаруына мәжбүрледі. Сонымен қатар, Осло 1952 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізген. Осылайша енді 2022 жылғы қысқы ойындарды қабылдауға Алматы (Қазақстан) мен Бейжің (Қытай) таласатын болады. 

Үміткер қаланы анықтау үшін ХОК мүшелері төмендегідей 15 талап бойынша бағалау жұмыстарын жүргізеді.

1) Жалпы жоба;

2) Қысқы ойындардың концепциясы және спорт ареналары;

3) Олимпиада қалашығы;

4) Медиа-орталық;

5) Спорттық шараларды өткізу тәжірибесі;

6) Қоршаған орта және метеорология;

7) Қонақ үй;

8) Транспорт;

9) Допинг-бақылау;

10) Қауіпсіздік;

11) Телекоммуникация;

12) Энергетика;

13) Елдің спорттық заңнамасы және виза;

14) Басшылық пен халықтың қолдауы;

15) Қаржы және маркетинг.

Көрсетілген талаптарға жауап бере алатын қала қысқы Олимпиада ойындарын қабылдайтын болады. Әзірге бұл көрсеткіштер нәтижесі бойынша «аспан асты» елінің қаласы алда тұр.

Бірақ, Қытай астанасы 2008 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын қабылдағаны белгілі. Бұл жәйтті ескеретін болсақ, Халықаралық Олимпиада комитеті бұл елге қысқы ойындарды өткізу құқығын бермеуі де мүмкін. Олимпиада ойындарының тарихына қарайтын болсақ, араға он жыл салмастан бір ел екі мәрте Олимпиада ойындарын ешқашан қабылдамаған. Сондықтан 2022 жылғы төрткүл дүние көз тігетін доданы Алматы қаласының жеңіп алуы бек мүмкін. Олай айтуымызға да себеп жоқ емес, Алматы 2017 жылы қысқы Универсиада ойындарын қабылдайды. Оған кеткен дайындық пен спорт ареналарын қайта қарап, Олимпиадаға дайындауға болады. Бастысы, халық пен ел басшылары доданың өтуіне қарсы емес.

Айта кетейік, 2022 жылғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын қаланы Халықаралық Олимпиада комитеті 2015 жылдың 31 шілдесінде Малайзияның Куала-Лампур қаласында өтетін 127-ші отырысында мәлімдейтін болады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: news.mail.ru

Ө. Сансызбай