Леффлер: "Гена екінші орта салмаққа тек Чавеспен кездесу үшін көтерілді"

Леффлер: "Гена екінші орта салмаққа тек Чавеспен кездесу үшін көтерілді"

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, 31 жасар қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкиннің командасы мен 28 жасар мексикалық кіші Хулио Сесар Чавес арасында шілде айына жоспарланған кездесуге байланысты келіссөздер жалғасуда.

Болжам бойынша қос боксшы 19 шілде күні Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында кездеседі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ бұл жекпе-жек Чавестің командасының өтініші бойынша суперорта салмақта (немесе екінші орта салмақта) өтпек.

Fighthype.com сайтына берген сұқбатында Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлерге келесідей сұрақ қойылған еді: "Осыған дейін сіз Головкин тек аталған кездесуге бола екінші орта салмаққа көтерілді дедіңіз. Осы тұста сізге екінші орта салмақтағы Андре Уордтан ұсыныс келіп түссе, оған қалай қарайсыз? Сондай-ақ неге Уордты емес, Чавесті таңдадыңыздар?»«

«Мен барлығына да мынаны айтқым келеді: Біз Андре Уордты құрметтейміз. Ол өзін рингте де, одан тысқары жерде де бірінші кезекте тамаша адам екенін дәлелдей алды. Біз Геннадийді болашақта бірінші орта салмақтан екінші орта салмаққа дейінгі аралықта өнер көрсетеді дегенімізде, ол орта салмақта тек бір кездесу өткізіп, кейін жоғары немесе төмен түседі дегенді айтқымыз келмеген»,-дейді Леффлер.

Сондай-ақ промоутер Геннадий Головкиннің орта салмақтан басқаға көшуі үшін белгілі себеп пен жақсы сыйақы қажет екенін ескерте  кетті. Леффлердің сөзінше, Гена салмағынан бір саты төмен түссе, олар мұндай қадамға тек бір ғана жекпе-жек үшін барады. Ол барлық салмақ дивизионы бойынша әлемнің үздік боксшысы саналатын Флойд Мейвезерге қарсы кездесу.

«Алайда Головкин әзірге Мейвезерді жекпе-жекке шақырудан аулақ. Тек кейбір адамдар одан аталған кездесуге байланысты сұрағанда, «иә» деп жауап қайырады. Ал одан басқа боксшымен кездесу үшін салмақ түсіру біздің жоспарымызда жоқ. Сондай-ақ бұл суперорта салмақ дәрежесіне де байланысты. Біз Головкинді орта салмақтағы әлемдегі ең үздік боксшы деп санаймыз. Оның НВО арнасындағы рейтингісі өте жоғары. Орта салмақта әлі де ол бағындырмаған белестер бар. Сондықтан әңгіме РРV (АҚШ көрермендері үшін ақылы формат. Яғни кездесуді тамашалағысы келген абонент телеарнаға шамамен 50 доллардай қаржы төлеуі тиіс) кездесу жөнінде болмаса, былайша өзіңнің үйреншікті салмағыңды тастауға еш себеп жоқ. Егер жақын күндері Чавестің командасымен барлық мәселелер бойынша ортақ келісімге келер болсақ, жазға жоспарланған бұл кездесу біздің тұңғыш РРV жекпе-жегіміз болғалы тұр»,-деп мәлімдеді Леффлер.

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Головкин мен кіші Чавес командалары арасындағы өзара келісім бойынша екі боксшының біреуі жекпе-жек өтетін күні межеленген салмақтан асып кетсе, қарсылас командаға 1 миллион доллар айыппұл төлейтіні белгілі болды.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: fightnews.com

Б. Қосмағамбет