Қазақша күрестен Әлем чемпионаты аяқталды

Қазақша күрестен Әлем чемпионаты аяқталды

Қазақша күрестен Минск қаласында өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы палуандары барлық салмақ дәрежесінде қарсыластарының жауырынын жер иіскетіп, алтыннан алқа тағып қайтты.

Минскіде байрағын көтерген бәсекеде 28 елдің боз кілем шеберлері бақ сынады. 5 салмақ дәрежесі бойынша өткен Әлем чемпионатына еліміздің атынан 10 палуанымыз қатысты. Оның тоғызы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал 5 салмақ дәрежесінің барлық алтын жүлдесі құрамамызға бұйырды.

Алғаш болып құрама қоржынына алтын жүлдені 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Абзал Арыстанбеков салды. Ол ақтық сында қырғыз Санжар Османалиевты жеңді. Одан кейін 70 келіде бақ сынаған Ерлан Естек армян Армен Назарянға мықтылығын танытты. Ал 80 келіде боз кілемдегі белдесулерде қарсылас шыдатпаған Ерсін Мұхмеджанов та алтыннан алқа тақты. 90 келі салмақ дәрежесінде ақтық сынға жерлестеріміз Мұхит Тұрсынов пен Алпамыс Төкеев көтерілді. «Еуразия Барысы» аламанында негізгі құрамда белдескен Мұхит алтынды еншіледі. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде боз кілемге көтерілген 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров беларусь Евгений Бедулинді жеңіп, алтынды қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, 5 алтынмен қатар қоржынға бір күміс, үш қола жүлде түсті. Күмісті ақтық сында Мұхитқа есе жіберген Алпамыс Төкеев алса, қола Амангелді Сатыбалдинов (60 кел), Ерасыл Сәкенұлы (70 келі) және Әділжан Ыстыбаевқа (80 келі) бұйырды.

Қазақша күрестен өткен төртінші Әлем чемпионатына 28 елдің 58 палуаны қатысты. Бірінші орын алған палуанға – 1000 АҚШ доллары, екінші және үшінші орындарға 500 бен 300 АҚШ доллары табысталды. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай