Чемпиондар лигасы. "Селтик" – "Шахтер"

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. "Селтик" – "Шахтер"

Бүгін Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңі аясында қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда Шотландияның «Селтик» командасымен қарымта кездесуін өткізеді. Назарларыңызға кездесу алдындағы болжамдарды ұсынып отырмыз.

БӨЛІСУ

Виктор Кумыков жаттықтыратын «кеншілер» командасының қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес екені анық. Алайда «Астана-Аренадағы» өткен алғашқы кездесуде «Шахтер» барын салып, қарсыластарынан екі доп айырмасымен басым түскен болатын. Енді бүгінгі кездесу жайлы...

Нил Леннон, «Селтик» командасының бас бапкері:

«Біз қарсыластарымыздан 3 доп айырмасымен басым түсуіміз керек. Бұл біздің команданың қолынан келеді. Ал Виктор Кумыковтың «Селтик» қақпасында екі доп тулатамын дегенін бізді бағаламағандық деп түсінемін», - деді.

Виктор Кумыков, «Шахтер» командасының бас бапкері:

– «Селтик» біз үшін азулы қарсылас. Сонда да алғашқы кездесудегі жеңісті қолда ұстап тұруға тырысамыз. Команда ойыншыларынан ешқандай қобалжу байқамадым. Барлығы дайындықтарын шыңдап жатыр. «Селтик Парк» секілді стадионда алғаш рет ойын өрнегін көрсеткелі жатырмыз. Бұл да кездесуде ойыншыларға әсер етуі мүмкін. Алайда біз тағы да «Селтик» қақпасының кілтін табу үшін барымызды салатын боламыз.

Роджер Каньяс, «Шахтер» командасының жартылай қорғаушысы:

– Екі гол – бұл жақсы нәтиже. Бірақ тартыс әлі аяқталған жоқ. Қарсыластарға гол соғып, бізге гол жібермеу керек. «Селтик» Еуропада әйгілі, біз олай емес. Бірақ кездесу соңынан бүкіл Еуропа қарағандылық «Шахтерды» танитын болады.

Георгиос Самарас, «Селтик» командасының шабуылшысы:

– Голдың қай минутта салынғаны маңызды емес. Кездесу 90 минут болады. Тек өз мүмкіндігімізді пайдалансақ болғаны. Біз Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шығуды басты межеге қойғанбыз. Қарсыластарымызды құрметтейміз. Өте ұйымшыл команда. Бірақ «Барселона» емес.

Букмекерлік кеңселер Глазгода өтетін қарымта ойында «Селтик» жеңіске жетеді деп болжайды. Олар шотландиялық команданың жеңісіне – 1,22 коэффицент, тең ойынға – 5,92 коэффицент, ал «Шахтердің» жеңісіне – 15,74 коэффицент берген. Бәс тігушілер қос ойынның қорытындысы бойынша топтық кезеңге өту үшін «Шахтердің» жеңісіне – 2 коэффицент, «Селтиктің» жеңісіне – 1,8 коэффицент қойған.

Бүгінгі қарымта кездесуге Свейн Оддвар Моэн бастаған норвегиялық қазылар төрелік етеді. Моэнге Ким-Томас Хаглунн мен Франк Андас көмектеседі, ал Ким-Анри Йонсен мен Свейн-Эрик Эдвартсен қосымша төрешілер болады. Төртінші төреші — Свен-Эрик Мидтхелль. Черногориялық Мирослав Джуканович УЕФА делегаты болса, испаниялық Мануэль Мехуто Гонсалес бақылаушы атанады.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу Астана уақытымен 00:45-те «Селтик Паркте» басталады. Ойынды «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбаев

Сурет: ekaraganda.kz, sport.nur.kz, facebook.com