Бүгінгі ойын туралы глазголықтар не дейді?

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Бүгінгі ойын туралы глазголықтар не дейді?

Бүгін түнде «Селтик» пен «Шахтер» клубтары арасында УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама беретін плей-офф кезеңінің шешуші матчы өтетін Глазго қаласында аталған кездесу мамандар мен жанкүйерлер арасында қызу пікірталас тудыруда, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Егер осыдан екі күн бұрын қалада бұл матч төңірегінде пікірлер бірен-сараң адамдар тарапынан ғана айтылып келген болса, ал қазір бұл Шотландиядағы футболға бей-жай қарай алмайтын кез келген адамдар үшін басты тақырыпқа айналған. Бүгін қос ұжымның бапкерлері де шотландиялық журналистерге арнап баспасөз маслихатын өткізді.

Ал Vesti.kz спорт порталы бүгінгі матч қарсаңында жергілікті журналистер мен «Селтик Парк» стадионын толтыратын жанкүйерлердің пікірін жинақтаған екен. Енді солардың біразын назарларыңызға ұсынғалы отырмыз:

Джон, Scotsman журналисі: 

- Біз Астанада дәл мұндай нәтиже тіркеледі деп ойлаған жоқ едік. Біз қарсыласымызды артық күш жұмсамай-ақ жеңеміз деп ойлағанымыз жасырын емес. Алайда «Шахтер» әлсіз командалардың қатарынан емес екендігін дәлелдеп берді. Ал сіздердің Хижнеченко мен Финонченколеріңіз біздің премьер-лигада да сәтті өнер көрсете алады деп айта аламын. Ал бүгінгі матчқа келер болсам, біздікілер жеңіске жетеді деп ойлаймын. Ал кімнің келесі кезеңге өтетінін айта алмаймын.  

Шамиль, бұрынғы Ресей азаматы, аудармашы, Глазго қаласында 12 жылдан бері тұрып келеді: 

- Сіздің командада бірнеше югославиялық ойыншылар ойнайды. Олар табиғатынан техникалық жағынан шебер және жылдам болып келеді. Сондай-ақ Финонченко мен Хижнеченко жөнінде де естігем. Ал сіздер кейін Финонченконы Еуропаға алып кетеді деп қорықпайсыздар ма? Жалпы айтқанда команда жаман емес. Сіздерге бүгінгі ойында жеңіс тілеймін.

Пол, Heraldscotland журналисі: 

- Егер сіздің команда матч алдындағы салтын (құрбандыққа қой шалу) тағы да жасаған болса, онда ол Чемпиондар лигасының топтық сынына шығып қалатын болар. Оның үстіне «Селтик» клубында төрт бірдей ойыншы жарақат алып отыр. Дегенмен де біз соңына дейін айқасамыз.     

Даниэль, "Селтика" жанкүйері:

- Білмеймін, әрі қарай өтеміз бе, жоқ па. Бірінші матчта «Шахтер» өзіне керемет есеп жасап алды. Ал енді біздікілер жылдам гол соға алса ғана, өз дегенімізге жете аламыз.

Мэри, "Селтик" фанаты:

- Алғашқы матчты теледидардан көрдім. «Селтик» өзіне берілген мүмкіндіктерді пайдалана алмаса да, «Шахтер» жақсы ойын көрсетті. Ал алдағы матчтан тек жеңіс күтемін. Қалай дегенмен де біздің команда мықты саналады емес пе?

Беннеит, "Селтик" фанаты: 

- Өзімнің командама сенемін. Алайда күмән де жоқ емес. Сіздің ойыншыларыңыз физикалық тұрғыдан мықты келеді. Сондықтан біз оларды трибуналар арқылы «өшіруге» барымызды саламыз. Сондай-ақ кездесу тағдыры матч соңындағы пенальтиден де шешіліп қалуы ғажап емес.

Морай, "Глазго Рейнджерс" («Селтиктің» ежелгі «жауы») жанкүйері: 

- «Селтикке» не тілейтінімді өзіңіз де білесіз. Сондай-ақ біздің кейбір фанаттарымыз стадионға барып, «Шахтерға» қолдау көрсетеді деп те естігем. Ал мен ойын аяқталысымен, Леннон отставкаға кетеді деп үміттенемін.  

Естеріңізге тағы да бір сала кетсек, қарағандылық «Шахтер» мен «Селтик» арасындағы жауапты кездесу 28-тамыздан 29-на қараған түні Глазгодағы «Селтик Парк» стадионында өтеді. Ойынның басталуы – Астана уақытымен сағат 00:45-те. Қазақстандық жанкүйерлер үшін матчты КТК телеарнасы тікелей эфирден көрсететін болады. Астанада өткен бірінші ойында «Шахтер» азулы қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Голдардың авторы болып Андрей Финонченко мен Сергей Хижнеченко атанды.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport.stv.tv