- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Футболдың тарихы...
Футболдың тарихы
Футбол – әлемдегі ең танымал топтық ойындардың бірі, оның тарихы бірнеше ғасыр уақытты қамтиды. Доптың қатысуымен футболға ұқсас ойындарды Ежелгі Шығыста (Египет, Қытай), антика әлемінде (Греция, Рим), Франция елінде («па супь»), Италия («кальчио») мен Англияда ойнаған. Қазіргі еуропалық футболдың арғы тегі римдік «гарпастум» ойыны болса керек. Допты екі тіреудің ортасынан өткізуге негізделген бұл ойын кезінде әскери легионерлерді жаттықтыруға арналған спорттың бір түрі болған көрінеді. Футболға ұқсас ойын туралы б.з.б 1900 жылы Ежелгі Мысырда белгілі болған. Ежелгі Грецияда халық арасында доп ойыны б.з.б. 4 ғ. дейін белгілі болған. Бұған Афины мұражайында қазіргі уақытқа дейін сақталып тұрған «доп ойнаған баланың» суреті дәлел бола алады. Спарта сарбаздарының арасында «эпискирос» атты доп ойыны өте жиі кездесетін. Қолмен де, аяқпен де ойнайтын ойынды римдіктер «гарпастум» («қол добы») деп атап, олар ойын ережесін бірнеше рет өзгерткен. Ойын қатыгездікпен ерекшеленетін. Римдік шабуылшылардың арқасында б.з.д. I ғасырда доп ойыны Британ аралдарына тарап, жергілікті тұрғындар: бриттер мен кельттер арасында үлкен қызығушылыққа ие болған. Бриттер б.з. 217 жылы Дерби қаласында алғаш рет римдік легионерлерді тізе бүктіріп, ойынның дамуына өз үлестерін қосқан болатын.
Б.з. V ғасырда бұл ойын Рим империясымен бірге жоғалып кеткенімен, ойынның ережелері еуропалықтардың, әсіресе, итальяндықтардың естерінде қалған. Тіпті, эмоцияларын сыртқа шығармаған, тұйық мінезді Леонардо да Винчидің өзі де сол ойынға қызығатын. XVII ғасырда дарға асып өлтірілген I Карлдың жақтастары Италияға қашып, сол жерде осы ойынмен тасысқан. Кейін 1660 жылы таққа II Карл отырғанда олар бұл ойынды Англия еліне әкеліп, сарай маңындағыларға үйреткен. Англиядағы ортағасырлық футбол құмарлық пен дөрекілікпен сипатталып, ойын көшелерде толық хаус пен төбелес негізінде ұйымдастырылатын. Билік басындағылар да бұл қантөгісті тоқтатуға бар күштерін салып, арнайы корольдік бұйрықтар да жарық көрген. 1314 жылдың 13 сәуірінде Лондон тұрғындарына қала ішінде доп ойнауға тыйым салатын II Эдуардтың жарлығы оқылып, шарт бұзылған жағдайда, қамауға алу жазасын қолдану туралы заңға қол қойылған. Уақыт өте келе, сарбаздар бұл ойынға садақ тарту өнерін қосып, ойын ережелерін одан сайын ушықтырып жібергендіктен, 1365 жылы III Эдуард тағы бір жарлыққа қол қойған. 1389 жылы жарыққа шыққан II Ричардтың жарлығында футбол, сүйек пен теннис ойындарына тыйым салу тармақтары қарастырылған. Футбол ойыны Генрих IV-тен бастап Яков П дейінгі ағылшын монархтарына да ұнамайтын еді.
Барлық тыйым салатын жарлықтарға қарамастан, футболға деген қызығушылық күн санап өскендіктен, бұл ойын Англияда бейресми түрде мақұлданып, алғаш рет «футбол» деген атқа ие болған. XIX ғ. басында «топтық футбол» бірітіндеп ұйымдасып, қазіргі ойынға ұқсай бастаған. Осы ойынның алғашқы ережелері 1846 жылы Регби-скулда құрастырылып, екі жылдан кейін Кембридж қабырғаларында нақтыланса, 1857 жылы Шеффилдте алғашқы футбол клубы ұйымдастырылған. Алты жылдан кейін бірыңғай ережелерді мақұлдау мен мемлекеттік футбол ассоциациясын құру мақсатымен Лондонда жеті клуб бас қосқан болатын. 1863 жылы Лондонда мемлекеттік футбол ассоциациясының негізі қаланып, әлемде футболдың алғашқы ресми ережелері жарық көріп, бұл ойын халық көңілінен шыққан. XIX ғасырдың аяқ жағында футбол Еуропа мен Латын Америкасында қарқынды түрде дамыған. Ал 1904 жылы Бельгия, Дания, Швейцария елдерінің бастамасымен Халықаралық футбол федерацияларының ассоциациясы (FIFA) құрылған.
Сурет penaltycup3d.ucoz.ru сайтынан алынған