Талантты жастың тағдыры

Талантты жастың тағдыры
Фото: reuters, sports.ru

"Аякс" футбол клубының жартылай қорғаушысы Абдельхак Нури 2 жыл 8 ай 19 күннен кейін есін жиды. Бұл жайында The Sun басылымы жазды.

Абдельхак Нури Instagram желісіндегі соңғы жазбасын 2017 жылдың маусым айында жариялаған. Одан кейін жанкүйерлер футболшыдан көз жазып қалды. Амандығын тілеп, ақ тілектерін жазумен болды. Көптің тілегі қабыл болғандай. 22 жастағы ойыншы есін жиды.

- Ол үйде болмағалы қашан? Қазір үйге келіп өзін жайлы сезінуде. Ол қайда келгенін, отбасымен бірге екенін біліп жатыр.

Аппи (Абдельхак) оянды. Ол өзі ұйықтап, түшкіріп, тамақ іше де алады. Бірақ төсекке таңулы жатыр. Оның орнынан тұруы бәрімізге байланысты. Жақсы көңіл күйде болса, ым-ишарамен тілдесуге тырысамыз. Бірақ қасын қаққанның өзі оған қиын.

Кейде бірге футбол да көреміз. Оған да ұнайды. Жүзіне қан жүгіріп, жымиғандай болады. Оның жымиғаны, күлгені – біз үшін зор қуаныш, - дейді футболшының ағасы Абдеррахим.

Абдельхак Нури 1997 жылдың 2 сәуірінде дүниеге келген. Футбол әліппесін "Аякс" академиясында үйренген. Тегі марокколық нидерланд ойыншысы. Ұлттық құрама деңгейіне жетпесе де, Нидерланд жасөспірімдер құрамасы сапында ойнап үлгерді.

Оқиға қалай болды?

2017 жылдың шілде айында "Аякс" Временнің "Вердер" клубымен жолдастық ойын өткізді. Ойынның 73 минутында жас ойыншы Абдельхак Нури тұрған бойда жерге сұлық құлады. Басында бәрі бір жайсыздық болар деп баса мән бермеген. "Вердер" командасының дәрігерлері бірден көмекке жүгірген. Артынан "Аякстың" дәрігері келді. Бәрі алғашқы көмекті көрсетіп баққанмен, жағдайы нашарлай берді. Жедел жәрдем келіп, артынан шұғыл жағдайда тікұшақпен алып кетті.

Ауруханаға түскен футболшының жағдайы ауыр еді. Жүрегі сыр берген. Кейіннен миына қан құйылғаны да анықталды. Дәрігер мамандар енді оның аяққа тұрып жүрмек түгілі, адам тануы екіталай деген-ді...

"Аякс" клубының басшылығы ойын барысында клуб дәрігері футболшыға дұрыс көмек көрсетілмегенін мойындарына алып, оны жұмыстан босатты.

Командаластары мен достары #StayStrongAppie хэштегімен футболшыны барынша қолдады. Абдельхак Нуриді бұрын-соңды көрмеген футбол жұлдыздары да атсалысты. Талантты жастың тағдыры футболдағы орны толмас өкініш болды...

Абдельхак Нуридің командаластары оны ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Басқа командаға ауысқанда көбі жейделеріне 34-ші нөмірді (Нури 34-ші нөмірмен ойнаған) таңдады. Мысалы, Джастин Клюверт "Ромада", Амин Юнес "Наполиде", Филипп Синдлер "Манчестер Ситиде", Джино Деккер "Гоу Эхед Иглсте", Кевин Дикс "Фиорентинада" 34-ші нөмірмен ойнап жүр. Амстердамдық команданың жанкүйерлері де Нуриді ұмыта қойған жоқ. Оның ойынын әлі күнге дейін сағынады...

Н. Үсенова