Лионель Месси: "Футболдан кететін уақыт жақындағанын білемін ..."

Парижде футболдан 2019 жылғы "Алтын доп" иегерін марапаттау рәсімі өтті. Биыл бұл атақты Аргентина құрамасы мен каталониялық "Барселонаның" шабуылшысы Лионель Месси иеленгенін жазған едік. 

Алтыншы рет “Алтын доп” иегері атанған Месси алдағы жоспарларымен бөлісті. 

“Мен бірінші рет “Алтын допты” алуға аға-інілеріммен 22 жасымда Парижге келген едім. 10 жыл бұрынғы көңіл-күйді қазір де кешіп тұрмын. Енді міне, бұл жерге жұбайым, үш ұлым және жиеніммен келдім. Осы уақытқа дейін армандаудан, дамудан, футболдан ләззат алудан тоқтамадым. Қанша жасқа келгенімді білемін, футболдан кететін күн де жақындап келе жатыр және мұны айту маған өте ауыр. Әлі алда бірнеше жыл болса да, уақыт зуылдап өтір жатқан сияқты. Алдағы уақытта футболдан ләззат алуды жалғастыра беремін”, – деген 32 жастағы аргентиналық футболшы журналисттерге берген сұқбатында. 

“Алтын доптың” алты дүркін жеңімпазы Чемпиондар Лигасында және Америка Кубогінде жеңімпаз болғысы келетінін айтты. 

“Мен жеке сыйлықтардан гөрі Чемпиондар Лигасы немесе Америка Кубогінде жеңімпаз болуды қалайтынымды үнемі айтып келемін. Мен қазір 32 жастамын. Бәрі де өзіңді қалай сезінетініңе байланысты”, - деген “Барселона” футболшысы. 

Лионель Месси 2009, 2010, 2011, 2012 және 2015 жылдарда әлемнің үздік ойыншы атанған еді. Енді ол “Алтыншы добын” алып, 5 рет бұл сыйлықты иеленген  “Ювентус” шабуылшысы Криштиану Роналдуды артта қалдырды. 

“Алтын доп” үшін дауыс беру нәтижесінде аргентиналық футболшы 686 ұпай жинаған. Ал “Ливерпуль” қорғаушысы Вирджил ван Дейк бар-жоғы 7 ұпай аз жинап, екінші орынды қанағат тұтқан. Үшінші орынды 476 ұпай жинаған Криштиану Роналду қорытындылаған. 

Алдыңғы бестікке“Ливерпульдың” екі ойыншысы – Садио Мане (347 ұпай) мен Мохаммед Саллах (178 ұпай) енген.