Роналду мен Месси бір-бірін мойындамаған

Роналду мен Месси бір-бірін мойындамаған
Фото: Goal.com

Халықаралық футбол қауымдастықтары Одағы (ФИФА) Лондонда жылдың үздік футболшыларын марапаттап, "The Best" сыйлығын табыстағаны жайлы хабарлаған едік. Салтанатты шара соңынан кімнің кімге дауыс бергені жайлы ресми ақпарат жарияланды.

Бұл марапаттан басты үміткер саналған Криштиану Роналду мен Лионель Месси бір-біріне дауыс бермеген. Екеуі де өзге футболшыларды таңдаған. Португалиялық ойыншы командаластары Лука Модрич, Серхио Рамос пен Марселоны үздік деп таныса, аргентиналық сұрмерген Луис Суарес, Андреас Иньеста және Неймар есімін атаған.

Криштиану Роналду дауыс беру қорытындысы бойынша, басты қарсыластарынан жоғары нәтижеге ие болған. Оны дауыс берушілердің 43,16 %-ы қолдаған. Лионель Месси 19,25 % қолдауға ие болса, Неймар 6,97 % көрсеткішпен шектеліпті.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Бородюк дауыс беруде бірінші орынға Лионель Мессиді қойыпты. Екінші орынға Криштиану Роналдуды қойса, үшінші орынға Тони Кроосты лайық деп таныпты. Ұлттық құрама капитаны Бауыржан Исламхан болса бірінші орынға – Лионель Мессиді, екінші орынға – Криштиану Роналдуды, үшінші орынға – Андреас Иньестаны қойған.

"The Best" иегері ұлттық құрамалардың бас бапкері мен команда капитаны, және ФИФА қауымдастығына мүше бір тілшінің дауыс беруі арқылы анықталады. Футбол мамандары тарапынан берілген дауыс беруде бірінші белгіленген ойыншы - 5 ұпай, екінші есімі аталған ойыншы – 3 ұпай, үшінші орыннан көрінген ойыншы 1 ұпай еншілейді. 

Айта кетейік, "France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген болатын. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтаса, ФИФА "The best" сыйлығын табыстауды қолға алған еді. Бұл сыйлық биыл екінші рет табысталды.

Ө. Сансызбай