Болт пен Байлз 2016 жылдың ең үздік спортшылары атанды

Болт пен Байлз 2016 жылдың ең үздік спортшылары атанды
Фото: aipsmedia.com

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы (AIPS) 2016 жылдың ең үздік спортшыларын анықтады. Дауыс беру қорытындысы бойынша ерлер арасында Усейн Болт, әйелдер арасында Симона Байлз жылдың үздік спортшылары атанды.

«AIPS» дауыс беру шарасына 110 мемлекеттен 382 журналист қатысқан. Қорытындысында ямайкалық желаяқ алтыншы рет жылдың ең үздік спортшысы атанып, рекорд орнатты. Әйелдер арасында спорттық гимнастикадан америкалық Симона Байлз ең көп дауысқа ие болды.

Усейн Болт үшін 2016 жыл сәтті өтті. Риодағы Олимпиада ойындарына қатысты. Үш Олимпиадада да (Пекин, Лондон, Рио) 100, 200 және эстафеталық сында алдына жан салған жоқ. Нәтижесінде 9 рет Олимпиада чемпионы атанып, ең көп жеңіске жеткен жеңіл атлеттер Пааво Нурми (Финляндия) және Карл Льюиспен (АҚШ) теңесті. Бірақ олардан басты айырмасы, ямайкалық желаяқ Олимпиада ойындарында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Ол 2017 жылғы әлем чемпионатынан кейін спорттық мансабын аяқтамақ.

ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында ең көп жүлде алғандардың үштігіне енген спортшылардың бірі - америкалық Симона Байлз. Риода Олимпиаданың жабылу салтанатында АҚШ құрамасының Туын алып шықты. Спорттық гимнастикада 4 алтын 1 қола медаль иеленді.

«AIPS» нұсқасы бойынша жылдың үздік спортшылары:

Ерлер:

1. Усэйн Болт (Ямайка, жүгіру) – 1149 дауыс (33,42 %)
2. Майкл Фелпс (АҚШ, суда жүзу) – 490 (14,25%)
3. Криштиану Роналду (Португалия, футбол) – 387 (11,26%)
4. Энди Маррей (Ұлыбритания, теннис) – 159 (4,62%)
5. Нико Росберг (Германия, «Формула-1») – 146 (4,25%)
6. Лионель Месси (Аргентина, футбол) – 124 (3,61%)
7. Леброн Джеймс (АҚШ, баскетбол) – 119 (3,46%)
8. Новак Джокович (Сербия, теннис) – 114 (3,32%)
9. Мо Фара (Ұлыбритания, жүгіру) – 91 (2,65%)
10. Хуан Мартин Дель Потро (Аргентина, теннис) – 90 (2,62%)

Әйелдер:

1. Симоне Байлз (АҚШ, спорттық гимнастика) – 524 (15,24%)
2. Катинка Хоссу (Венгрия, суда жүзу) – 472 (13,73%)
3. Серена Уильямс (АҚШ, теннис) – 361 (10,5%)
4. Кэтлин Ледеки (АҚШ, суда жүзу) – 319 (9,28%)
5. Алмаз Аяна (Эфиопия, жүгіру) – 279 (8,12%)
6. Анжелик Кербер (Германия, теннис) – 250 (7,27%)
7. Гензебе Дибаба (Эфиопия, жүгіру) – 160 (4,65%)
8. Эллисон Феликс (США, жүгіру) – 149 (4,33%)
9. Лора Тротт (Ұлыбритания, велотрек) – 125 (3,64%)
10. Лара Гут (Швейцария, тау шаңғысы) – 112 (3,26%)

Ө. Сансызбай