Пеле атымен танылған футбол королінің шын есімі – Эдсон Арантис ду Насименту. XX ғасырдың ұлы спортшысы – шын мәнісінде тірі аңыз, талайға үлгі болар нағыз тұлға.
Пеле қазіргі таңда ұлттық құрама сапындағы ойыншы ретінде әлем чемпионы атағын үш рет алған жалғыз адам. Бұл оқиға 1958, 1962 және 1970 жылдары орын алды. Сонымен қатар, ол қоржынындағы 1289 голымен әлемдегі ең нәтижелі шабуылшы атанды.
Кішкентай Пеленің футбол өнерін таңдайтыны әу бастан белгілі болған, себебі, оның әкесі Дондиньо (Жоао Рамос ду Насименту) кәсіпқой футболшы мансабын ауыр жарақаты кесірінен ерте аяқтап, бар назарын баласының шеберлігін арттыру жолында жұмсаған. Әкесінің еңбегі зая кетпеді, Эдсон 7 жасар бала кезінен жергілікті футбол командасына алынып, ерекше дарыны арқылы өз қатарластарының көшбасшысына айналды. Әрине, жасөспірімдер арасында болса да, мұндай мінсіз ойын өзіне назар аудартпай қоймайтыны анық еді.
Бір күні Пеленің командасын жаттықтыруға Бразилия ұлттық құрамасының ойыншысы Вальдемар де Брито келеді. Ол көп ойланбай баланы "Сантос" командасының іріктеу шарасына жіберді. Эдсон 16 жас шамасында Сан-Паулудың негізгі футбол клубында өнер көрсете бастайды. Онымен қоса, Пеле "Коринтиансқа" қарсы болған алғашқы ойында-ақ гол салып, көзге түседі.
Жанкүйерлер арасында оның дебюті мен ерекше техникасы ұзақ талқылау мен таңқалыс нысаны болды. Олардың санасының сілкінгені сонша – 16 жасар баланы ұлттық құрамаға алу керек деген ұсыныстар түсіп жатты. Пеле "Сантоста" өз өмірінің 18 жылын өткізді (1956-1974 жылдар), Сан-Паулу штатының 11 чемпионатына қатысып, 11 рет үздік бомбардир атанған: 1958 жылы рекорд жасап – 58 гол соқты, Бразилияның 6 Кубогін, Либертадорестің 2 Кубогін (Еуропалық Чемпиондар Лигасының аналогі) иеленді, сонымен қатар, 1 Құрлықаралық Кубокке қол жеткізді.
Сыншылардың айтуынша, Пеле ойынының осал тұсы жоқ еді. Эдсон үнемі өзінің күшіне сеніп, өзін ғана көрсетуге тырыспайтын нағыз ұтымды ұйымдастырушы қабілетімен танылған, стратег ойыншы. Ол алаңды сезініп, ойынды оқи алатын қасиетімен ерекшеленді. "Әркім өз үлесін қоспаса ойын алға баспайды, – дейді Пеле. – Футбол – бір-екі жұлдызды ойыншылар емес, бұл – команда, ұжым ".
Оның пастарының дәлдігінен стадион толы жанкүйерлердің шулаған дыбысы бір сәт тына қалатын. Ал, әр дриблингінің қарапайымдығы мен көркемдігі еріксіз ауыз аштыратын. Футбол сүйер қауым: "Пеленің аяқпен допты игергені, қолымен қасық ұстағанынан ептілеу!" – деп қалжыңдайтын. Ол ойынға жаңа тыныс, жаңа леп алып келді, өйткені оның жасайтыны бұрын-соңды фантастикадай, адам сенгісіз көрінетін.
Пеленің көптеген голдары футболдың аңызына айналды, мысалы, 1961 жылы "Маракана" стадионында "Флуминенске" соққан голы. Ол өз жағының айып алаңынан қарсыластардың қақпасына дейін барлық ойыншыларды алдап өтіп гол соқты – бұл әлем тарихында "Ғасыр голы" деген атаққа ие болды. Соның құрметіне "Маракана" стадионында ескерткіш белгі орнатылған.
Алаңдағы еркіндік пен әр қимылдың қарапайымдылығының астында тынымсыз еңбек пен төгілген тер жатты. Жаратушы қабілет пен дарынды үйіп-төгіп берсе де, футбол королі шыңдалуын тоқтатқан емес. Темірдей тәртіп пен жоспарлы жаттығу нәтижесінде жүгіру қабілеті нағыз жеңіл атлеттей, секірудегі мықтылығы сол бағыттың кәсіби спортшысындай деңгейге жеткен.
Өзіне тән дриблинг әдісіндегі дәстүрлі емес әрекеттерімен кімді болмасын таңдай қақтырғанымен қатар, қорғаныс шеберлерінің өзін састыратын. Пеленің қатысуымен болған ойындардан видео естеліктер аз қалса да, өз көзімен көрген куәгерлер айтуынша ол қақпашыдан басқа барлық позицияда шебер ойнай білген.
Осы тәжірибесімен Пеле 1958 жылы Швециядағы Әлем чемпионатына аттанды. Уэльспен болған ширек финалға дейін гол соғу бұйырмаса да, жаһан назарын өзіне аударта білді. Сәттіліктің жүйрігін ерттеп мінген футбол шабандозы француздармен болған жартылай финалда хет-трик соғып, турнир иелерімен болған финалда дубль жасады. Бұл Пеле Бразилияны алғаш рет чемпион атандырған сәт болатын!
Ол 1962 және 1966 жылдары өткен чемпионаттарға жарақатынан алаңға шыға алмады. 1970 жылы болған турнирде (Пеленің спорттық мансабында 4-ші) триумф жасады – сол кездегі Бразилия құрамасының құрамы ең мықтылардың бірегейі ретінде есте қалды. Бразилиялық футболшылар Жюль Римэның жүлдесіне үшінші рет қол жеткізіп, оны өз қоржындарына мәңгі сақтауға мүмкіндік алды. Пеле Мексикадағы құрамалық жеңістен кейін футбол тарихында үш рет әлем чемпионы атағын алған жалғыз футболшы ретінде аты қалды. Сондай-ақ осы ойында Әлем Чемпионаттарының қорытынды турнирлеріндегі Бразилия құрамасының 100-ші голын соққан болатын. Өзі бұл ойындарда 14 матч өткізіп 12 гол салған.
Құрама сапында көрсеткен 92 матчта 77 гол соққан бірегей нәтижені жаңартуға әлі күнге дейін ешкімнің қауқары келмеді. Пеле "Сантостан" кейін бірнеше жыл NASL чемпионатында "Космос" құрамында өнер көрсетті. 1977 жылы 1 қазанда футбол королі – Пеле сүйікті командасы "Сантос" үшін соңғы қорытынды кездесуінде ойнаған болатын.
Жалпы, Пеле соққан 1289 гол ішінен, 92 хет-трик, 30 покер (1 матчта 4 гол) болса, 6 ойында 5 гол, тіпті, "Ботафого" командасына қарсы бір ойында 8 рет доп соққан.
Пеле Еуропада өнер көрсетпесе де оның танымалдығы Жер шарындағы адамдар санының 93% құрайтынын шын мәнісінде таң қаларлық құбылыс. Мұндай даңк Пелеге дейін де, одан кейін де бірде бір спортшының бағына бұйырмаған.
Мансаптық жетістіктері
КЛУБТЫҚ
▪ Бразилия Кубогі иегері: 1961, 1962, 1963, 1964, 1965 жылдары.
▪ Робертао Кубогі иегері: 1968 жылы.
▪ Паулист Лигасының жеңімпазы: 1958, 1960, 1961, 1962, 1964, 1965, 1967, 1968, 1969, 1973 жылдары.
▪ Рио-Сан-Паулу турнирінің жеңімпазы: 1959, 1963, 1964 жылдары.
▪ Либертадорес Кубогінің иегері: 1962, 1963 жылдары.
▪ Құрлықаралық Кубок иегері: 1962, 1963 жылдары.
▪ Құрлықаралық чемпиондар арасындағы Суперкубок иегері: 1968 жылы.
▪ NASL чемпионы: 1977 жылы.
ҚҰРАМА САПЫНДА
▪ Әлем чемпионы: 1958, 1962, 1970 жылдары.
▪ Рок Кубогінің иегері: 1957, 1963 жылдары.
ЖЕКЕ ЖЕТІСТІКТЕРІ
▪ Футболшы ретінде жалғыз 3 дүркін әлем чемпионы.
▪ 1969 жылы 19 қараша күні «Маракана» стадионында Пеле пенальтиден өзінің 1000-шы голын соқты.
▪ Жалпы футболдық мансабында Пеле 1363 ойында 1289 гол соқты.
▪ Бразилия Құрамасы сапында 92 матч өткізіп 77 гол соқты.
▪ 1973 жылы Оңтүстік Американың “Жыл Футболшысы” атағын алды.
▪ FIFA100 тізіміне енген.
▪ World Soccer журналы бойынша XX ғасырдағы футболдың ұлы тұлғалары тізімінде 1-ші орын иеленді.
▪ ХОК мәліметі бойынша “Ғасыр спортшысы”: 1999 жыл.
▪ FIFA бойынша “Ғасыр ойыншысы”.