Пеленің орындалмаған арманы

Пеленің орындалмаған арманы
Фото: smotrisport.tv

Футбол тарихында аты аңызға айналған бразилиялық «футбол патшасы» Пеле 75 жасқа толды. ХХ ғасырда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін танитын футболшының арманы жоқ шығар деп ойлайтындар көп еді. Алайда даңқы жер жарған ойыншының заманында орындалмай кеткен арманы барын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Эдсон Арантис ду Насименту жасыл алаңда футболшы армандайтын атақтардың көпшілігін бағындырды. Бір ойында 8 гол соққан күндері де болған. Тіпті бүкіл команда ойыншыларын алдап өтіп те гол соққан. Десе де даңқты ойыншы бір рет болсын алаң ортасынан гол соғуды армандаған екен.

1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатында Пеле арманы орындалуға шақ қалды. Чехословакия құрамасы қақпашысының алға шығып тұрғанын байқаған сұрмерген допты бар пәрменімен қарсылас қақпасына бағыттайды. Жұлдыздай зулаған доп қарсылас қақпасының бағанына тиіп, кері қайтқан...

Пеле спорттық мансабында алаң ортасынан гол соға алған жоқ. Осылайша әлем жұртшылығы өнеріне тәнті болған ойыншының арманы орындалмады.

Тағы бір айта кететін қызықты дерек, Пеле 1940 жылы 21 қазан күні дүние есіген ашқан. Екі күннен кейін барып қана ата-анасы болашақ даңқты ойыншыны шіркеуге апарып шоқындырған. Кейіннен сол күннен бастап футболшының туған күні аталып өтіліп кеткен. 

Ө. Сансызбай