Икер Касильяс «корольдік клубпен» қош айтысты (видео)

Икер Касильяс «корольдік клубпен» қош айтысты (видео)
Фото: sports.ru

Мадридтік «Реалдың» қақпашысы Икер Касильяс «Порту» сапына ауысты. Бұл туралы «корольдік клубтың» ресми сайты хабарлап отыр.

Икер Касильяс мадридтік клуб сапындағы мансабын 1998 жылы бастаған. Ал оған дейін жастар құрамында өнер көрсетіп келген. 16 жыл «корольдік клубтың» намысын қорғап келген қақпашы бірде-бір рет өзге клубқа ауысу туралы ұсыныстарды қабыл алмаған. Десе де «Реалдың» аты аңызға айналған қақпашысының клуб ауыстырар уақыты жетті. Бүгін клубтың ресми сайты Икер Касильястың «Портуға» ауысқанын растады.

- Алдағы уақытта біздің клуб Испания мен мадридтік клуб сапындағы даңқты қақпашымен алаңға шықпайтын болады. Икер «Реалдағы» спорттық мансабында клубтың ірі жетістіктерге жетуіне септігін тигізді. Ол үшін құрметке лайықты тұлға. Барлығы үшін рахмет, Икер! – деген клуб хабарламасында.

Айта кетейік, Икер Касильяс «Реал» сапында 723 кездесуге қатысқан. Өз қақпасына 750 гол өткізген. Клубпен үш рет Чемпиондар лигасын, бес рет Испания чемпионы атағын, төрт рет Испания Суперкубогын және екі рет Испания кубогы мен УЕФА Суперкубогын жеңіп алған. 

О. Сансызбай