- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Головкин мен Мейвезер...
Головкин мен Мейвезер арасындағы «айқас» басталды
Бокстан WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин жақында әйгілі Флойд Мейвезермен жұдырықтасқысы келетіні туралы айтқан болатын. Ал бұған америкалық боксшының командасы өз жауабын берді.
GGG осыған дейінгі сұхбаттарында Флойд Мейвезер немесе Мэнни Пакьяомен жұдырықтасу үшін салмақ ауыстыра алатынын айтқан еді. Әсіресе америкалық боксшымен шаршы алаңда кездесу басты арманы екенін де жасырмаған-ды. Кеше Гена «TMZ» арнасынының бағдарламасында да Флойд Мейвезермен кездессе, жеңіске жете алатынын айта кетті.
- Бұл жекпе-жек өтер болса, ғажап болар еді. Флойд Мейвезермен жұдырықтасу – менің арманым. Мен Флойдты жеңе аламын. Жеке басыма қатысты дүние емес, бар болғаны бизнес. Мен оны жеңетініме жүз пайыз сенемін. Қазір кез келген боксшыны жеңуге дайынмын,- деді Головкин.
Флойд Мейвезердің командасы да көп күттірмей өз жауаптарын жариялады. Олар қазақстандық боксшы мен командасын менсінбегендік сыңай танытты.
- Бокста бәрі Флойдпен жұдырықтасқысы келеді. Бұл өте көп гонорар. Геннадий Головкин мансап жолында ешқашан атағынан ат үркетін боксшылармен жұдырықтасқан жоқ. Шынымызды айтсақ, оны (TMZ арнасына қарата) өздеріңіздің шоуларыңызға шақырғандарыңызға таңбыз, - деді.
Иә, америкалық боксшының отандасымызбен кездесуге келісімін беруі екіталай. Неге? Біріншіден, қазақстандық боксшы АҚШ бокссүйер қауымы арасында аса танымал емес. Сондықтан да бұл жекпе-жек ірі көлемдегі қаржы түсетін кездесулер қатарына ене алмайтыны рас. GGG 2012 жылдан бері АҚШ-та кездесу өткізіп келгенмен, әлі Лас-Вегастағы «MGM Grand» аренасында жұдырықтасып көрген жоқ. Екіншіден, Флойд Мейвезер соңғы кездесуінде мықты қарсыласпен жұдырықтасқысы келмейді. Спорттық мансабында жеңілмеген боксшы ретінде есімін қалдыруды армандайды. Ол үшін Генаны таңдамасы белгілі. Ал батыстық басылымдар мен спорт мамандары Флойд Мейвезерге қазақстандық боксшыны нағыз қарсылас ретінде бағалап келеді.
О. Сансызбай