«Ролан Гарросты» ұтпаған әйгілі 6 теннисші

«Ролан Гарросты» ұтпаған әйгілі 6 теннисші
Фото: sport-xl.org, sports.ru

Жақында ғана теннистен «Үлкен дулыға» санатына енетін Франция ашық біріншілігі («Roland Garros») мәресіне жетті. Ерлер арасында өткен финалдық кездесуде Новак Джокович швейцариялық Станислас Вавринкадан ұтылып қалған-ды. Бір қызығы, АТР рейтингінің бірінші сатысында тұрған серб теннисшісі спорттық мансабында «Ролан Гарросты» бірде-бір рет ұтпаған екен. Бүгін біз сіздерге бұл додада жеңімпаз атану бақыты бұйырмаған әйгілі теннисшілер туралы айтатын боламыз.

Артур Эш

Әйгілі америкалық теннисші спорттық мансабында бірде-бір рет «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жете алмаған. Ал өзге «Үлкен дулыға» санатындағы (US Open, Roland Garros, Australian Open, Wimbledonтурнирлерде үш рет жеңімпаз тұғырынан көрінген. Оның есімі 1966-1980 жылдар аралығында аса танымал болды. 1969 жылы АҚШ-та жыл спортшысы атанған. Сондай-ақ қара нәсілділер арасында үлкен жетістікке жеткен алғашқы теннисші.

Артур Эш теннистен бөлек саясатпен де айналысты. ОАР-да қара нәсілділердің құқығын қорғап, белсенділік танытты. Сонымен қатар, жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісі (СПИД) дертіне шалдыққан жандарға арнап арнайы қор да құрған. Кейіннен бұл дертке өзі де өзі де шалдығып, 1993 жылы Нью-Йоркте көз жұмды. Қазіргі таңда Артур Эш атында әлемдегі ең үлкен теннис корты (22 547 жанкүйер) бар. Стадион – АҚШ ашық біріншілігінің (US Open) басты кездесулері өтетін орындардың бірі.

Джон Ньюкомб

Жекелей сында «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерді жеті рет жеңген теннисшінің бірі - Джон Ньюкомб. Австралиялық спортшы өзінің мансабында Франция ашық біріншілігін («Roland Garros») ғана ұта алмаған. Ширек финалда сүрінумен болған. 1970-1973 жылдары әлемнің үздік теннисшісі атанған. Австралия ұлттық құрамасы сапында да талай жетістіктерге жеткен. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін АТР президенті (1977-1978) де болды. Қазіргі таңда АҚШ-тың Техас штатында 71 жастағы теннисшінің атындағы теннис мектебі бар. Мұнда Джон Ньюкомб жиі келіп тұрады.

Борис Беккер

Неміс теннисшісі Борис Беккер «Үлкен дулыға» санатындағы ірі жарыстарда 6 рет жеңімпаз атанған. Бірақ «Ролан Гарросты» ұта алмаған. Ол өзінің спорттық мансабында соққысы жойқын әрі дәл ойыншы ретінде есте қалды. Тіпті Бористің теннис добын жерге түсірмей ұрған соққысын көру үшін жанкүйерлер көптеп жиналатын болған. Борис Беккер 1983-1998 жылдар аралығында үлкен теннистегі теңдессіз спортшылардың бірі болды.

Стефан Эдберг

7 жасынан бастап тенниспен айналыса бастаған швед тениисшісі спорттық мансабында талай жетістіктерге жеткен. 6 рет «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда жеңімпаз атанған. Бірақ олардың қатарында «Ролан Гаррос» жоқ. Соққысы жойқын теннисші 1983-1996 жылдар аралығында үлкен спортта өзін танытты. Спорттық мансабын алғаш бастап жүрген Стефан Эдберг 1983 жылы АҚШ ашық біріншілігінде ойындағы төрешіні жарақаттаған. Ауыр жарақат алған төреші ойында қайтыс болған.

Стефан Эдберг «Үлкен дулыға» санатындағы барлық додада топ жаруына мүмкіндік болған. 1989 жылы «Ролан Гарростың» финалына дейін шығып, шешуші сәтте есе жіберіп алған. 2014 жылдан бастап Роджер Федерерді жаттықтырып келеді.

Пит Сампрас

Тегі грек болып келетін америкалық теннисші Петрос Сампрас (Пит Сампрас) үлкен теннисте көптеген рекорд орнатқан спортшылардың бірі. Ол АТР рейтингінде 286 апта көш бастап тұрған. Бұл рекордты 2012 жылы тек Роджер Федерер ғана бұзды. 1988 жылдан басталып, 2003 жылға дейін жалғасқан спорттық мансабында 14 рет «Үлкен дулыға санатындағы» додада топ жарған. Бірақ «Ролан Гарростың» жартылай финалынан аса алмаған.

Новак Джокович

2003 жылы спорттық мансабын бастаған Новак Джокович қазіргі таңда әлемдегі нөмірі бірінші теннисші. 12 жыл ішінде кішігірім жарыстарды айтпағанда, «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда 8 рет чемпион атанды. Бірақ Франция ашық біріншілігінің жеңімпазы атағы бұйырмай келеді. 2012 және 2014 жылдары финалда Рафаэль Надальдан, биыл Станислас Вавринкадан ұтылды.  

Ө. Сансызбай