«Алтын доптан» үміткер болған алты қақпашы

«Алтын доптан» үміткер болған алты қақпашы

Футбол тарихында жекелей ойыншыға берілетін «Алтын допқа» үміткерлер қатарынан алты қақпашы ғана көрінген. Осы уақытқа дейін, тек оның біреуіне ғана бұл атақ бұйырған.

Жақында 2014 жылғы «Алтын доптан» үміткер үш футболшының есімі аталды. Олар: Лионель Месси («Барселона»), Криштиану Роналду («Реал») және Мануэль Нойер («Бавария»). Алғашқы екі ойыншы соңғы үш жылдан бері бұл атаққа үміткер үштік санатынан шыққан емес. Ал неміс қақпашысы болса футбол тарихындағы «Алтын доптан» үміткер алтыншы қақпашы атанды. Бір қызығы, Мануэль Нойер футбол тарихында бұл атақты иеленген жалғыз қақпашы барын білгенмен, оны танымайды екен.

Футбол тарихында «Алтын допты» иеленген жалғыз қақпашы – Лев Яшин. Заманында «футбол королі» Пеленің өзі «Лев Яшинге гол соқсам – бүкіл арманымның орындалғаны» деген. Тіпті, сол бір кезең футболшылары арасында «Яшинге гол соққан футболшы еш уайымсыз зейнеткерлікке шыға беруіне болады» деген әзіл де тараған екен. Осыдан-ақ, КСРО-дан шыққан бұл қақпашының қарымы қандай болғанын байқай берсеңіздер болады.

Лев Яшинге «Алтын допты» алу оңай болған жоқ. 1962 жылы Чилиде өткен әлем чемпионатында Кеңес Одағы құрамасының сәтсіздігін осы ойыншы есімімен байланыстырды. Оның атына айтылған сындардың санында да шек болмады. Нәтижесінде ұлттық құрамада ойнаудан қол үзіп қалды. Бірақ, бұл ойыншының Англия футбол қауымдастығының жүзжылдығына арналған мәртебелі жолдастық кездесуде көрсеткен өнері бар абыройын қайтарғандай болды. Ол Англия құрамасына қарсы ойнайтын әлем құрамасы сапына шақыртылған еді.

1963 жылдың 23-қазанында әйгілі «Уэмбли» стадионында өткен ойында Лев Яшин өзін шебер қақпашы ретінде танытып, талайлардың таңдайын қақтырады. Десе де әлем құрамасы 2:1 есебімен «Тұманды Альбион» командасына есе жіберді. Бірақ, ол екі гол Лев Яшин орнына шыққан Милутин Шошкич қақпасына соғылған. Ал қақпашының керемет өнері ағылшын жанкүйерлері арасында «аңызға» айналып шыға келді.

Осы ойыннан кейін Лев Яшин КСРО құрамасына қайта шақырту алды. Сол жылы Еуропаның ең үздік ойыншысы атанып, «Алтын доп» иегері атанды. 1964 жылғы Еуропа чемпионатында, араға 2 жыл сала 1966 жылы Испанияда өткен әлем чемпионатында КСРО құрамында сәтті өнер көрсете білді. 1990 жылдың 18-наурызында Лев Яшинге «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Араға екі күн сала ХХ ғасырдың даңқты қақпашысы дүниеден озды.

Лев Яшин «Алтын допты» иеленгеннен кейін араға 10 жыл сала тағы бір қақпашы бұл атақтан үміткер болды. Ол – италиялық Дино Дзофф. Қақпашы ұлттық құрамасымен халықаралық кездесулерде 2 жыл өз қақпасына гол соқтырмады. Алаңдағы рекордты уақыты 1142 минутқа созылды.

Дино Дзофф «Алтын доптан» басты үміткер болатын. Ол өзінің жоғарғы деңгейдегі нәтижесінің арқасында «Наполиден» туриндік «Ювентуске» ауысты. Жаңа командасымен Италия чемпионы атағын иеленді. Бірақ, оның бұл жетістіктері «Алтын допты» иеленуге жеткіліксіз болды. Өйткені, Еуропа Чемпиондар кубогының финалында оның командасы үшінші жыл қатарынан өнер көрсеткен «Аяксқа» ұтылып қалды. Нәтижесінде амстердамдық клубтың футболшысы Йохан Кройф бұл атаққа лайықты деп танылды. Дино болса екінші орыннан көрінді.

Десе де Дино Дзоффтың жетістігі алда болды. 1982 жылы Испания жерінде өткен әлем чемпионатында топ жарды. 40 жасқа келген қақпашыға әлем кубогын басынан асыра көтеру бақыты бұйырды.

1976 жылы «Алтын доптан» үміткерлер қатарына тағы бір қақпашы қосылды. Ол - сол жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алған Чехословакия құрамасының қақпашысы Иво Виктор еді. 1963 жылы Лев Яшин «Алтын допты» иеленгенде бұл қақпашының есімі елге таныс емес болатын. Ал 1976 жылғы Еуропа чемпионатында ол ұлттық құрамасының жеңіске жетуіне бірден-бір себепкер болды. Бірақ, бұл қақпашыға да мәртебелі атақ бұйырмады. Оның алдын неміс Франц Беккенбауэр орап кетті. Ал нидерландылық Ренсенбринк екінші орыннан көрінді. Иво Викторға үшінші орын бұйырды. Бұл қорытындыны сол кезде әділетсіз деп қарағандар да болды. Десе де Иво Виктор 1976 жылы ұлттық құрамамен Еуропа чемпионатын жеңгенмен, клубтық деңгейде жетістікке жете алмаған еді.

Футбол тарихында «Алтын доптан» екі рет үміткер болған жалғыз қақпашы – Оливер Кан. 2001 жылы мюнхендік «Баварияның» Чемпиондар лигасын жеңіп алуына зор септігін тигізді. Алайда маусымның екінші жартысын сәтті аяқтай алмады. Суперкубок финалында «Ливерпульге» есе жіберсе, ұлттық құрама сапында өз алаңында ағылшындардан ойсырай ұтылды. Англияға қарсы екі ойын қорытындысында Оливер Кан өз қақпасына 8 гол өткізіп алды. Оның тең жартысын Макл Оуэн соққан. Нәтижесінде «Алтын доп» осы ағылшын футболшысына бұйырды. Оливер Кан болса Раульден кейін үшінші орынды қанағат тұтты.

Араға бір жыл сала Оливер Кан тағы да үміткерлер қатарынан орын алды. Ол футбол тарихында алғаш рет екі ел бірігіп өткізген (Оңтүстік Корея мен Жапония) әлем чемпионатында Германия құрамасын финалға шығуына жағдай жасады. Бірақ, шешуші сәттегі өз қателігі тағы да «Алтын доптан» айырды.

2006 жылы «Алтын доптан» үміткерлердің қатарына қақпашы Джанлуиджи Буффон енді. Германияда өткен әлем чемпионатында италиялық қақпашының өнеріне қол соққандар мол болды. Ол жеті ойында екі рет қана өз қақпасынан доп алып шықты. Оның бірі автогол болса, екіншісі – финалда Зинеддин Зиданның пенальтиден орындаған голы. Бірақ, Буффонға да «Алтын доп» бұйырмады. «Мундиальда» қорғанысты басты назарға ұстанып ойнаған құраманың қорғаушысы Фавио Каннаваро әріптесінен дауыс беру қорытындысында 49 ұпай артық жинады. Негізінен бұл атақ қорғаушыларға да сирек беріледі.

Осыған дейін әлемнің үздік қақпашылары кімдер дегенде, Джанлуиджи Буффон мен Икер Касильяс есімдері ауызға ілігетін. Соңғы жылдары әлем Мануэль Нойердың шеберлігін мойындауда. Неміс қақпашысы мықтылығын мюнхендік «Баварияда» ғана емес, осы жазда өткен әлем чемпионатында да мойындата білді. Ендігі басты бәсекелестері де осал емес. Соңғы 6 жылда «Алтын допты» өзара сарапқа салып келе жатқан Лионель Месси мен Криштиану Роналду арасынан суырылып шығу оңай емес екені анық. Әлем чемпионы атанған Мануэль Нойердың «Алтын допты» иеленуге мүмкіндігі жоқ деп қарауға болмайды. Бәлкім, бұл атаққа таластағы Месси мен Роналду текетіресіне нүкте қойып қалуы да ғажап емес. Десе де қақпашы үшін үздік үштікке енудің өзі нашар жетістік саналмайды.

«Жақсы қақпашы – жарты команда» демекші, футбол ойынында қақпашылардың да атқаратын рөлі айрықша. Бірақ, қақпашылардың жекелей ойыншыға берілетін атаққа қол созуы да оңай емес. Сондықтан да, футбол тарихында «Алтын доптан» үміткер қақпашылардың саны саусақпен санарлық қана.

Сурет: footballtop.ru

О. Сансызбай