Мұстафа Өзтүрік жайлы деректі фильм жарыққа шықты

Мұстафа Өзтүрік жайлы деректі фильм жарыққа шықты

Қазақ топырағына таэквондо спортын ала келген, алты алаштың айбынына айналған айбоз ұлы – Мұстафа Өзтүрік туралы «Алаштың айбоз ұлы» атты деректі фильм түсіріліп, жұртшылыққа ұсынылды. «КТК» арнасы тапсырысы негізінде дүниеге келген туынды Стамбул (Түркия), Мюнхен (Германия) және Алматы қалаларында түсірілген.

Қазақстанда таэквондо федерациясының негізін қалаушы, спортың сайыпқыран саңылағы Мұстафа Өзтүрік биыл көзі тірі болғанда 60 жасқа толар еді. Өкінішке орай, даңқты тұлғаға 23 қараша күні мерейтойын халқының ортасында тойлау бақыты бұйырмаған екен. Бүгін даңқты тұлғаның өмір жолына арналған «Алаштың айбоз ұлы» атты деректі фильм жарыққа шықты. Жоба авторы – Арман Шораев болса, режиссері – Мұрат Белгібаев.

- Фильм жобасы авторы – Арман Шораев. Негізінен «КТК» арнасы тапсырысы негізінде түсірілді. Түсірілім Стамбул, Мюнхен және Алматы қалаларында өтті. Виза мәселесімен қоса алғанда 45 күндей уақыт жұмсалды. Туған күні қарсаңында біткен болатын. 60 жылдығына орай ұйымдастырылған концертте көрсетілуі керек еді. Бірақ, әнші-бишілердің өнер көрсетуі қорытындысында уақыт жетіспей қалды. Нәтижесінде бүгін ғаламтор беттерінде жарияланды. Бала-шағасы, Стамбулдағы туыстары, барлығы фильмде қамтылды. Сонымен қатар, деректі фильмде эксклюзив бейнебаяндар бар. Оларды табу оңай болған жоқ, біраз уақыт кетті, - деді сценарий авторы – Рауан Оқас.

Деректі фильмде Мұстафа Өзтүрік өмірінің сан белесі мен бедері толық қамтылған. Ол туралы айтылған пікірлер де таэквондодан 6-шы дан иегерінің жан-дүниесін аша түскен. Ендеше «Алаштың айбоз ұлы» деректі фильмін қарай отырыңыз.

Сурет: prosportkz.kz

О. Сансызбай