- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Пеленің 8 қате...
Пеленің 8 қате болжамы
Бүгін футбол королі Пеле 74 жасқа толып отыр. Бразилия елінің атын шығарған ойыншыны ХХ ғасырдың ғана ұлы футболшысы емес, спорт тарихындағы даңқты тұлға деп бағалауға болады.
Пеле (Эдсон Арантис ду Насименту) өз заманында жасындай жарқылдады. Бразилия ұлттық құрамасымен үш рет әлем чемпионатын (1958, 1962 және 1970 ж) жеңіп алды. Осы жетістігінің өзі футболшының абыройын асқақтатпаса, төмендеткен емес. Тіпті, сөз арасында тәуір ойнаған ойыншыға «Пеле болып кетіпсің ғой» деген қошемет сөзден-ақ бразилиялықтың беделін бағамдай берсеңіз болады. Бүгін 74 жасқа толып отырған футбол королі жаз соңында үшінші рет шаңырақ көтеретінін де көпшіліктен жасырмаған болатын.
Пеле бутсысын шегеге ілгеннен кейін ұмытылып кеткен жоқ. Оны халқы әспеттеп, басына көтерді. Абыройы бір сәт төмендеген емес. Бірақ, футболшының жасыл алаңда жолы болса да, болжам айтуда көп жолы болмаған екен. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға Пеленің 8 қате шыққан болжамын ұсынамыз.
Бірде Ромарио «Пеле – болжайды, соңынан үндемейді» деп қалжыңдаған деген отандасына. Ал осы жылы өз жерінде өткен әлем чемпионатында Бразилия құрамасын жасақтап барған Луис Фелипе Сколари « меніңше Пеле футболға болжам жасай алмайды. Егер сен бәс тігіп жеңіске жеткің келсе, Пеле болжамын кері орында» деп қағытқаны да бар. Сонымен, оқи отырайық.
1. Пеле болжамы: 1998 жылғы әлем чемпионатының фавориті – Испания!
Ал шын мәнінде сол додада Испания құрамасы Нигериядан ұтылып, Парагваймен тең ойнап, топтан шыға алмай қалды.
2. Пеле болжамы: 1994 жылы Колумбия әлем чемпионы атанады!
Ал шын мәнінде колумбиялықтар топта соңғы орын алып, еліне ерте қайтты.
3. Пеле болжамы: 1991 жылы Ганада өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ганалық Нии Лэмптиді менің жолымды жалғайтын футболшы болады деп бағалаған.
Ал шын мәнінде ганалық футболшы «жұлдыз» атана алмады. «ПСВ» және «Астон вилла» сапында ойнаған Нии Лэмптиді Пелемен қоса аз ғана жанкүйерлер біледі.
4. Пеле болжамы: Ник Бармби әлемдік деңгейде танылатын футболшы болады.
Ал шын мәнінде Ник Бармби орташа деңгейлі ойыншылардың қатарынан аса алмады.
5. Пеле болжамы: «Сантос» шабуылшысы Робиньо жаңа футбол королі болады.
Ал шын мәнінде, өз бағын әйгілі «Реал», «Манчестер Сити» және «Милан» командалары қатарында сынап көрген Робиньо футбол әлемінде Пеледей «жұлдызға» айнала алмады.
6. Пеле болжамы: 2002 жылғы әлем чемпионатында Бразилия құрамасы топтан шыға алмайды.
Ал шын мәнінде Бразилия құрамасының капитаны Кафу сол додада әлем кубогын басынан асыра көтерді. Ал даңқты футболшының жолдастары «бір септігін тигізген болжамың болды» деп Пелеге алғыстарын да айтты.
7. Пеле болжамы: америкалықтар түсірген «Жеңіс» атты көркем фильмнің түсірілімі кезінде Пелені алаңнан зембілмен көтеріп алып шығады. Сол сәтте футболшы «мен ойынды жалғастыра алмаймын» деп айтады.
Ал шын мәнінде артынша ойынға қайта араласып кетеді.
8. Пеле болжамы: 2000 жылдан кейін Африка құрлығының өкілдері әлем футболының биігін бағындыра бастайды.
Ал шын мәнінде 2014 жылға дейін Африканың ешбір құрамасы әлем чемпионатында жоғарғы нәтижеге қол жеткізе алмай келеді.
Жүрегі футбол деп соққан Пеле
Міне, біз білетін Пеленің қате болжамдарын тізіп шықтық. Ал әлі алда футбол королінің айтып үлгерген танымал тағы бірнеше болжамы бар. Оның бірі, «ресейліктер футболдан әлем чемпионы атағын Бразилия құрамасы хоккейден әлем чемпионы атанғанда жеңіп алады" - деген сөзі. Кейде бұл болжам жоққа да шығарылып жатады...
Осы жазда өткен «мундиальдың» жартылай финалында немістерден Бразилия құрамасы ойсырай жеңілгеннен кейін Пеле twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Германияны құттықтаймын! Біз алтыншы әлем чемпионы атағын Ресейде иеленеміз» - деп жазды. Бұған біз де уақыттың алдына түсіп ештеңе дей алмаймыз...
Сурет: eurosport.ru
О. Сансызбай