- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Андрей Шевченко футболға...
Андрей Шевченко футболға қайта орала ма?
Украина елінің даңқты футболшысы Андрей Шевченко спорттағы мансабын қайта жалғастыруы мүмкін. 2012 жылы бутсысын шегеге ілген ойыншыны Үнді елінің «Мумбай Сити» командасы қатарларына шақырып отыр.
Үндістан елі соңғы кездері футболға баса мән беруде. Еуропада атой салған ойыншыларды елдің клубтары қатарларына шақыруда. Негізінен, үнділердің ұлттық спорт түрі көгалдағы хоккей болса, елдегі танымал спорт болып крикет саналады. Футбол жанкүйерлері де жетіп артылады. Қазіргі таңда үнді жерінде Дель Пьеро, Давид Трезеге, Николья Анелька, Роббер Пирес және Дэвид Джеймс секілді Еуропаның таңдайын қақтырған футболшылар доп теуіп жүр. Аталған елдің ақпарат құралдарының хабарлауынша, «Мумбай Сити» командасы Андрей Шевченконы да қатарларына шақырып отыр екен. Қомақты қаржы ұсынып отырған футбол ұжымы украиналық сұрмергеннің футболға қайта оралуына септігін тигізуі ғажап емес.
Сонымен қатар, бүгін Андрей Шевченко 38 жасқа толып отыр. Осыдан екі жыл бұрын спорттағы мансабын саясатпен ұштастыруға бел байлаған ойыншы «Украина – алға!» жобасы негізінде парламент сайлауына қатысқан болатын. Бірақ, бұл сында Шева партиясы жеңіліп қалды. Өз кезеңінде футболшы арманындағы талай атақтың да шыңын бағындырды. 2004 жылы «Алтын доп» иегері атанды. Екі рет Чемпиондар лигасын жеңіп, үш рет үздік сұрмергендер көшін де бастады. «Милан» командасы тарихындағы Гуннар Нордалдан кейінгі сұрмергендер көшінде екінші орында. 2013 жылдан бері Украина футболының даңқты «жұлдызы» бапкерлерлікке бет бұру мақсатында арнайы курста білімін жетілдіріп келеді.
Айта кетейік, 26 қыркүйек күні Алматылық «Қайрат» футбол клубы 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ардагерлер ойыншылары мен әлем футболының «жұлдыздары» арасындағы өткен жолдастық кездесуде Андрей Шевченко бабында екенін байқатып, покер авторы атанған болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz, goal.net.ua
О. Сансызбай