Поль Погбаның «Ювентус» сапындағы үздік голдары

Поль Погбаның «Ювентус» сапындағы үздік голдары

Бүгінде "Ювенің" көшбасшы ойыншыларының бірі, 19 жастағы француз жігіті, "қарт синьораның" ертеңгі үмітіне баланатын жартылай қорғаушы алда келе жатқан Әлем чемпионатына қатысады. Шыққан тегі гвинейлік жігіт Франция құрамасы сапында үлкен футболдың биік белесіне көтерілуі мүмкін...

Шағын елді-мекеннен шығып, алғашқы қадамын әуесқой футболдан бастаған ол 1993 жылы "қызыл сойқандармен" келісімшарт жасасады, алайда, жас жігіт сол уақытта 25 жылдық тәжірибеге молыққан, мойындалып жүрген сэр Алекс Фергюсонның көзіне түсе қоймайды. Шотландық жаттықтырушы да сол уақытта оның талантын бір кем бағаласа керек.

Жастар арасындағы ағылшын біріншілігін жеңіп алғаннан өзге, ауыз толтырып айта аларлықтай бірде-бір жүлдеге қол жеткізбегендіктен, одан бұрын, қосалқы құрамда қалып келіп, ойын уақыты шектеулі берілгендіктен, ақыры соның бәрі оған түпкілікті шешім шығаруға итермелейді. 2012 жылы "Ювентуспен" 4 жылдық келісімге қол қояды.

Трансфердің соңғы күндері орындалған бұл келісім бірінші күні-ақ өз үмітін ақтай бастайды десек, қателеспейміз. Өзі шыққан бірінші ойында-ақ ол жаттықтырушылардың көзіне түсіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөлене бастады. "Удинизе", "Наполи" секілді басты қарсыластардың қақпасын торуылға алып, әркез саңылау тауып жүрген қара жігіт негізгі құрамның ойыншысына айналды.

Жартылай қорғаушы «Ювентус» сапында жүріп ел біріншілігі мен ел кубогін жеңіп алды.

Осы жылы "қарт синьораны" қырсық шалғандай. Ойламаған жерден Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен шыға алмай қалды: "Реалға" қарсы өткен кездесуде төреші араласса, түрік жерінде өткен ойында ("Галатасарайға" қарсы матчта) боран соғып, ойын аяғында жеңілуге тура келді. Әйтпесе, таңдаулы ұжым таңдай қақтыратын ойыншыларға ие еді. Солардың ішінде, жас та болса Поль Погбаның есімін ерекше айтуға болар. Неймардікі секілді жарнамасы болмаса да, жұлдызы жануға шақ тұрған жаңа жұлдыз да барлық қасиетке ие.

Погба өз бойындағы қарым-қабілетін барлық қырынан аша алатын ойыншылар қатарынан. Бүгінде Италия біріншілігінде ең көп көсілетін ойыншыны да, допқа таласта көп тартысқа түсетін қорғаушыны да, қақпаға жойқын соққы бағыттайтын мергенді де осы футболшымен бір қатысты айтып жүргендер көп. Көптеп табылады. Бұл жерде Погбаның физикалық қарымдылығы мен мен ойнау шеберлігі (техникасы) көп мүмкіндік беруде.

Ой ұшқырлығы бір арнаға келіп қосылып жатса, онда бұл ойыншының аз жылда-ақ ең қуатты қаруға айналары сөзсіз.

Алдағы жазда Погбаның таудай таланты мен талабы Бразилияда танылса деген ниеттеміз. Франция құрамасының жас жартылай қорғаушысы атақты Зизудың жолымен жүруге жарап жатса, "Юве" сапында чемпиондық тәж бен тағысын тағы жүлделер келіп қосылса, онда жүлдесі бар, жүлдеге лайық жүрегі бар ойыншы ретінде кәсіби биікке көтерілуі әбден мүмкін.

Өз кезегінде, оған Еуропаның ең азулы делінген грандтары құда түсе бастайды. Футболшыны ол уақытта ұстау қиынға соғады...

Бұл маусымда Поль Погба Италияның ішкі біріншілігінде 20 ойын өткізіп, 6 голмен көзге түсіп отыр екен:

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: kickoffnigeria.com

Л. Лига